Қарағанды облысында бір қабірге таласқан екі отбасы мәйітті қазып алды

Қарағанды облысында екі отбасы бір қабірге байланысты дауға түсіп, мәселе сотқа дейін жеткен, деп хабарлайды «24KZ».

Екі тарап та дәл осы жерге өз туысының жерленгеніне сенімді болғандықтан,  бір қабірге дауласқан. Дау сотқа дейін жетіп, ДНҚ сараптама жүргізу үшін мәйіттің бірі қабірден шығарылған.  

Қабір басына екі отбасы мүшелерімен бірге мешіт қызметкерлері, куәгерлер және полиция шақырылған.

Осы жерге  анасын бір жарым жыл бұрын жерлегенін айтқан  Айгүл Жәмилинова, қабір орнына арнайы қазықтар қағып, лентамен белгілеп кеткенін айтады. Алайда өткен жазда зиратқа келгенде, бұл жерге бөтен адамның құлпытасы қойылғанын көрген.

Екінші тарап та өздерінің дәлелдері мен куәгерлері бар екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, туыстарының қабіріне үнемі барып тұрған.

Қазіргі уақытта қабірде бір ғана адамның жерленгені анықталғанымен, оның нақты кім екені әзірге белгісіз. Дененің көп бөлігі ыдырап кеткен. Әйелдердің екеуі де ислам  шариғатына  жерленген. Бүгін, 1,5  жыл жатқан мәйіт қазып алынып,  сараптамаға жіберілген.

Аталған жайтты Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі растады. 

«Мәйіттің кім екенін анықтау үшін экснумация процесі  жасалды. Экспертиза нәтижесі келген соң, іс қаралуы жаңартылады. Қазір аппеляциялық сатыда», деді ресми өкіл.

Мәйіт қалдықтары сараптамаға жіберіліп, ДНҚ нәтижесі шамамен 30 күн ішінде дайын болады.