Маңғыстау облысында өңірлік чемпионат басталды

Маңғыстау облысында жұмысшы мамандықтар бойынша өңірлік чемпионат басталды. Биыл дәстүрлі жарысқа 24 колледжден 700-ден астам студент пен жас маман қатысып жатыр.

Чемпионатта қатысушылар құрылыс және сәулет, инженерия, цифрлық технологиялар мен басқа да кәсіби бағыттар бойынша бақ сынайды. Сайыс алаңдарында олардың теориялық білімімен қатар, тәжірибелік шеберлігі мен тапсырмаларды орындау жылдамдығы бағаланады. Өңірлік чемпионат жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алады. Ал үздіктер халықаралық додада ел намысын қорғайды.

Өңірлік чемпионат Ақтау мен Жаңаөзенде, сондай-ақ Түпқараған және Қарақия ауданы кәсіптік білім беру ұйымдарында өтіп жатыр. Маңғыстау туризм колледжінде жасақталған алаңның бір бұрышы алуан түсті гүлдермен көмкеріліп тұр. Бұл жерде қатысушылар «Флористика» құзыреттілігі бойынша өз жобасын қорғайды. 16 жастағы Ақерке Болатбек сайысқа «Көктем» атты гүлдер композициясын әзірлеп әкелген.

Ақерке Болатбек, Туризм колледжінің студенті:

- Мен үшін флористика, ол тек қана гүлдермен жұмыс жасау ғана емес. Ол қызық өнер болған соң болашағы бар сияқты. Сол гүлдер арқылы нәзіктік, әдемілікті, адамдарға қуаныш береді. Мен де сол сияқты адамдарға қуаныш сыйлағым келеді.

Алина Қонысбаева, гүл дүкенінің жетекшісі:

- Каркасқа гүл жинаудың өзі бірнеше уақыт оқуды талап ететін процесс. Болашақта гүлдердің атауларын білетін, қалай жинау керектігін жақсы білетін мамандарды бірден жұмысқа алу бізге де оңай болатын еді.

Келесі колледж алаңында болашақ кондитерлер мен аспаздар әртүрлі тағам дайындаудан өзара сынға түсіп жатыр. Әр тапсырманың ережеде белгіленген уақыттан кешікпей орындалуы жіті бақыланады. Жалпы, биылғы чемпионаттың өту барысын 380 сарапшы қадағалайды. Олардың кейбірі жергілікті колледждердің үздік түлектері.

Тілектес Әлқуатова, «Кондитерлік іс» құзыреттілігі бойынша бас сарапшы:

- Балалардың болашақтағы мүмкіндіктері өте зор. Себебі осындай жарыстарға қатысқан кезде олар өте жақсы тәжірибе алады. Көп нәрсені үйренеді және соның арқасында жұмысқа орналасады. Өзім де осы жарысқа қатыстым басында. Әлемдік чемпионатқа қатыстым.

Гүлбану Қызылғұлова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 13 алаңда 71 құзыреттілік бойынша және 10 сала бойынша чемпионат жарыстары жүргізілуде. 2025 жылы Маңғыстау индустриалды-техникалық колледжінің студенті «Өнеркәсіптік автоматика» құзыреттілігі бойынша алтын медальге ие болды. Бұл баламыз «WorldSkills Shanghai - 2026» халықаралық чемпионатқа қатысады.

Айта кетсек, 2025 жылы Маңғыстаудың құрама командасы республикалық кезеңде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Студенттер 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жалпы есеп бойынша алтыншы орынға шыққан болатын.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев