Қазақстанда әйелдер аудиториясы ерлерге қарағанда кітапты көбірек оқиды

Фото: depositphotos.com

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары ел тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығына қатысты жүргізілген жаңа зерттеу қорытындысын жариялады, деп хабарлайды «24KZ».

Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) жүргізген «Дәстүрлерді жаңғырту: қоғамдағы жаңа мінез-құлық нормалары» атты зерттеу елдегі кітап оқу мәдениетінің қазіргі ахуалын көрсетті.  Зерттеу іріктемеге  2400 респондент қатысқан.  Талдамалық есеп деректері бойынша елімізде оқу мәдениетін дамыту үшін әлеует бар, алайда әзірге азаматтардың күнделікті өмірінде сіңе қойған жоқ.

Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың маңызын айқындай түсті.

Қазақстандықтардың кітапқа көзқарасы қандай?

Сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың тек 46,8%-ы кітапты білім мен шабыттың басты көзі деп санайды. Бұл – ел тұрғындарының жартысынан көбі кітап оқуды күнделікті әдет немесе өзін-өзі дамытудың негізгі құралы ретінде қабылдамайтынын көрсетеді.

Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіш оқырман мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін аңғартады.

Кітапты кімдер көбірек оқиды?

Талдау барысында кітап оқуға әсер ететін бірнеше фактор анықталған. Атап айтқанда, білім деңгейі мен табыс көлемі артқан сайын кітап оқуға деген қызығушылық та жоғарылайды.

Сонымен қатар:

әйелдер ерлерге қарағанда көбірек кітап оқиды;
жастар мен 61 жастан асқан азаматтар кітапқа жиі қызығушылық танытады;
29-45 жас аралығындағы азаматтар ең аз кітап оқитын топ ретінде анықталған.

Сарапшылар бұл санаттағы азаматтарды кітап оқу мәдениетін дамытудағы негізгі аудитория ретінде қарастыру қажет екенін айтады.

Бір жылда қанша кітап оқиды?

Сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың кітап оқу белсенділігі төмен екенін көрсетті:

респонденттердің 51,2%-ы соңғы бір жылда бірде-бір кітап оқымаған;
29%-ы небәрі 1-3 кітап оқыған;
10,1%-ы жылына 4-6 кітап оқиды;
4,3%-ы 7-10 кітап аралығында оқиды;
тек 4,8%-ы ғана жылына 10 кітаптан көп оқитынын айтқан.
Бос уақытта қазақстандықтар немен айналысады?

Зерттеу дерегіне сәйкес, қазақстандықтардың бос уақытта таңдайтын әрекеттері:

туыстар және достармен кездесу – 50,6%;
үй шаруасымен айналысу – 44,3%;
интернет пайдалану – 37,7%;
балаларға уақыт бөлу – 32,7%;
теледидар көру және радио тыңдау – 30,5%;
табиғатта серуендеу – 24,7%;
кино, театр және концерттерге бару – 14,5%.

Ал кітап пен газет оқуды бос уақытын өткізудің тәсілі ретінде респонденттердің тек 11,8%-ы ғана таңдаған.

Мемлекет кітап оқу мәдениетін қалай дамытпақ?

2026 жылғы 16 мамырда Президент қол қойған Жарлық кітап оқу мәдениетін дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде бекітті.

Құжатта:

заманауи оқырман инфрақұрылымын дамыту;
кітапханалар жұмысын жетілдіру;
отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
халық арасында кітап оқуды насихаттау шаралары қарастырылған.

Сарапшылардың айтуынша, бұл бастамалар қоғамдағы зияткерлік әлеуетті арттырып, «зерделі ұлт» қалыптастыруға ықпал етеді.