Мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы басты назарда

Мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. 

Мәселен, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі мен Astana Ballet театры ұжымдарының сахналық костюмдері, музыкалық аспаптары мен техникалық жабдықтары қайта жасақталды. Ал өткен жылы азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы орта есеппен 20%-ға артып, мәдениет және архив саласының 64 мың қызметкерінің айлығы 4 жыл ішінде айтарлықтай өскен. Сондай-ақ Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлеріне 300-ден аса пәтер табысталды.

Шерхан Талап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

- Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ғимаратында демеушілер есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу аясында 5 мың шаршы метр аумақтағы шатыр толық қалпына келтірілді, сондай-ақ заманауи жабдықтармен чиллерлер ауыстырылды.