Әскери жоғары оқу орнын үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» шені беріледі

Қазақстанда әскери және арнаулы оқу орындарын үздік тәмамдаған курсанттарға шен беру тәртібі өзгерді. Енді оқуын «үздік» белгімен аяқтаған жас мамандар еңбек жолын бірден жоғары лауазымнан бастайды, деп хабарлайды «24KZ»

Бұл туралы Президент қол қойған мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты жаңа заң аясында белгілі болды.

Осы уақытқа дейін әскери ЖОО бітірген түлектерге әдетте «лейтенант» шені берілетін. Жаңа ережеге сай:

  • Қазақстандағы және шетелдегі әскери, арнаулы оқу орындарын үздік бітірген түлектерге бірден «аға лейтенант» әскери шені беріледі.
  • Оған қоса, үздік шыққан жас офицерлерге қызмет ететін әскери бөлімді өзі таңдауға басым құқық беріледі.

Бұл жаңашылдық - әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдаудың және олардың ынтасын арттырудың жаңа тетігі. Ол курсанттардың оқуда және қызметте барынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне, өзара бәсекелестікті нығайтуға септігін тигізбек.

Жаңа тәртіп Президенттің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген «Әскери қызметті өткеру қағидаларына» енгізілетін өзгерістер жобасында толық бекітілген.

Сарапшылардың айтуынша, бұл - әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдаудың жаңа деңгейі. Ең бастысы, бұл ереже курсанттар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Енді оқу озаты болу - тек бедел ғана емес, әскери мансапты бір саты жоғарыдан және өзіңе ыңғайлы жерде бастаудың тікелей мүмкіндігі.