3 ай төленбеген салық қарызы елден шығуға кедергі болмақ
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда салық берешегін мәжбүрлеп өндірудің жаңа тетігі күшіне енеді. Енді ірі көлемде салық қарызы бар компания басшыларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға елден шығуға уақытша тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа норма Салық кодексінде қарастырылған. Ол заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, құрылымдық бөлімше жетекшілеріне, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын азаматтарға қатысты қолданылады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, егер салық берешегі 27 000 АЕК-тен асып, 2026 жылғы есеп бойынша 116,7 миллион теңгеден көп болса және ол 3 айдан астам уақыт бойы өтелмесе, елден шығуға шектеу енгізілуі мүмкін.
Алайда ведомство бұл шара автоматты түрде қолданылмайтынын атап өтті. Шектеу тек сот санкциялаған мемлекеттік кірістер органдарының қаулысы негізінде ғана күшіне енеді.
Сонымен қатар заңнамада әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылған. Егер азаматқа шетелде ем қабылдау қажет болса және оны растайтын медициналық құжаттары болса, уақытша шектеу белгілі бір мерзімге тоқтатылуы мүмкін.
Елден шығуға қойылған шектеу салық берешегі толық өтелгеннен кейін немесе салық міндеттемесі заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылған жағдайда алынады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, жаңа шара ірі көлемдегі салық міндеттемелерін орындаудан жалтарудың алдын алуға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға бағытталған.