Қазақстанның тағы 27 теміржол бағытында интернет пайда болады
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2026 жылдың соңына дейін еліміздегі 27 жолаушылар маршрутын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «24KZ»
Бұл мақсатта заманауи OneWeb және Starlink геостационарлық емес спутниктік жүйелерінің озық технологиялары қолданылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Төмен орбиталық спутниктерді пайдалану арқылы енгізілетін бұл жаңашылдық пойыздар ұялы байланыс мұнараларынан шалғай, тіпті интернет мүлдем ұстамайтын аймақтардан өткен кезде де жолаушылардың жаһандық желіге кедергісіз әрі тұрақты қосылуына мүмкіндік береді.
Бұл қадам еліміздегі көлік инфрақұрылымын цифрландыру және жол үстіндегі қызмет көрсету сапасын заманауи талаптарға сай арттыру бағытындағы кешенді жұмыстардың маңызды бөлігі саналады.
Сонымен қатар салалық министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының бойындағы байланыссыз «ақ таңдақтарды» жою үшін антенна-мачталық құрылғыларды орнату жобасын да қарқынды жүргізіп жатыр.
Кезең-кезеңімен атқарылатын бұл реформалар еліміздегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығын арттырып қана қоймай, жолға шыққан азаматтардың цифрлық жайлылығы мен қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етуге бағытталған.