Жазда 3,2 млн бала сауықтыру шараларымен қамтылады
Биыл 215 мыңнан аса түлек мектеппен қоштасты. Ал 3 млн. 200 мың бала үшін кезекті қызыққа толы жазғы демалыс кезеңі басталды.
Биыл ел бойынша 11 135 жазғы лагерь жұмыс істейді. Оқушылардың тынығуын қауіпсіз әрі пайдалы ұйымдастыру мәселесі үкіметтің бүгінгі отырысында талқыланды. Жиында жасөспірімдерді жаз маусымында еңбекпен қамту, ой сергіту-бой сергіту бағыттары бойынша атқарылар жұмыстар айтылды.
Бүгіннен бастап сабақ кестесін артқа тастап, сөмкесін босағаға ілген оқушылар жазғы тынығуға шықты. Биыл жазда 3,2 млн бала сауықтыру шараларымен қамтылады. 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта уақытын өткізбек. Каникул кезінде баланың сергіп қана қоймай, жаңа дүниелерді үйреніп, уақытын тиімді өткізгені маңызды. Бас мұғалім осы мәселеге баса назар аудардық деді. Ақпарынша, республика бойынша 11 135 демалыс орталығы жұмыс жасайды
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстарына 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен волонтер тартылады. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында кері байланыс және жедел көмек көрсету тетіктері де күшейтілді. Атап айтқанда, білім басқармаларының жанынан құрылған колл-орталықтар жазғы демалысқа қатысты азаматтардың өтініштері мен сұрақтарын қарайды. Сонымен қатар «111» байланыс орталығы жазғы кезеңде күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.
Үш айғы демалыста бала біткен алаңсыз асыр салған ойыннан гөрі табыс табуға ниетті көрінеді. Жұмыс істеуге құлықтылар көбейгенін айтты министр. Қазіргі таңда елде еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны 1 млн 700 мыңға жетіпті. Ресми статистикаға жүгінсек, 5 мың 300 оқушы еңбекпен қамтылған. Оқушылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш мегаполистерде байқалады. Жасөспірімдердің басым бөлігі сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларына орналасыпты.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Мұғалім мен ата-ана алдында тұрған тағы бір міндет түлектер кешін ұйымдастыру. Соңғы уақытта мектептегі осы салтанатты шараны тойлау үрдісі өзгергені белгілі. Түлектер лимузин жалдап, отшашу ұйымдастырып, тойға ұластырып жіберетін жәйттерді көз көрді. Бұған министрлік қатаң тыйым салып отыр. Мейрамхана, кафе, банкет залдарында мектеп бітіру кештері ұйымдастырылмайды. Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, заңсыз қаражат жинауға шектеу бар. Әкімдіктер бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп бақылауда ұстамақ.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Асхат Қарақойшиев