Сұлтан Сәрсемалиев үш кісіні қасақана, ал біреуін "абайсызда" өлтіргенін мойындады
Атырау облысында бір отбасының өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Резонансты істі қарау барысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін ішінара мойындады, деп хабарлайды «24KZ».
Сотта жауап алу кезінде ол Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты тағылған айыппен келіспейтінін айтып, бұл оқиғаны «абайсызда болған жағдай» деп түсіндірді. Сондай-ақ ол өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін жеткізді.
Ал өзге эпизодтар бойынша айыпталушы кінәсін мойындаған. Оның айтуынша, Мақсот Қарабаллинге тоғыз рет, Өтешқалиеваға сегіз рет, ал Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ салған. Бұл әрекеттерді ол қасақана жасағанын растады.
Сонымен қатар Сәрсемалиев ұрлық, алаяқтық және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бойынша да кінәсін мойындаған. Оның айтуынша, бұл әрекеттер қылмыс ізін жасыру мақсатында жасалған.
Осылайша, 13 баптың ішінде айыпталушы тек бір эпизод — Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты әрекетін қасақана емес, «абайсызда» болған деп көрсетіп отыр.
Еске салайық, Жангелдин ауылында болған жаппай кісі өлтіру ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған. Тергеу мәліметіне сәйкес, жәбірленушілер айыпталушының бұрынғы жұбайының туыстары болған.