Үш адамның өліміне себепкер болған күдікті көлікті мас күйінде жүргізген
Алматының әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне себепші болған Zeekr көлігінің жүргізушісі сағатына 219 шақырыммен жүрген.
Әрі жеңіл дәрежеде мас болған. Бұл туралы бүгін Алматыда басталған сот отырысында жарияланды. Айыптау актісін оқыған прокурор сотталушы А.П. есімді азаматтың сол түні жалған номермен жүргенін де мәлімдеді. Ол масаң күйде көлік құралын басқарып, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген іс-әрекеті үшін айыпталып отыр. Сотталушы марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрап, заң алдында жазасын өтеуге дайын екенін жеткізді. Ол өзін фото, видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Жәбірленушілер де журналистердің таспалауына рұқсат етпеді. Басты сот талқылауы 1 маусымда өтеді. Жан түршігерлік жол көлік апаты 21 наурызда болды. Соның кесірінен 30 жастағы көлік жүргізушісі және 23 пен 21 жастағы екі жолаушы көз жұмды.
Мейірман Шекеев, адвокат:
- Бұл бапта қалай болғанда да ол жазасын алады. Кешірім беру мысалы, 7 жылдан 10 жыл болатын болса, сол жылдарға ғана әсер етеді. Кешірім беру сот барысында азаматтық талап қоямыз, соны орындаған болып саналады. Азаматтық талап материалдық-моральдық шығын өндіру жағы. 100 млн теңгенің көлемінде деп отырмыз, өйткені ол қыздың алған кредиті болған. Басқа жәбірленушінің позициясын айта алмаймын, өйткені оның өздерінің қорғаушылары бар.