Ақбаян Мұқанғалиеваға психиатриялық сараптама қорытындысы шықты
Атырауда әйелінің отбасы мүшелерін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Айыпталушының бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға жүргізілген психиатриялық сараптаманың нәтижелері белгілі болды. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ» Tengrinews.kz –ке сілтеме жасап.
Ақбаян Мұқанғалиева 10 наурыз күні Индонезиядан экстрадицияланғаннан кейін Атыраудағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған. Кейін оның психикалық жағдайына байланысты қосымша тексеру қажет деп танылып, 10 сәуірде Алматыдағы Сот сараптамалары институтына жіберілген.
Прокуратура мәліметінше, Алматыда жүргізілген кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Мұқанғалиеваға динамикалық бақылау мен қосымша диагностика қажет екені анықталған. Яғни мамандар оның психикалық жағдайына нақты баға беру үшін қосымша бақылау керек деген шешімге келген.
Сонымен қатар бастапқыда оған қатысты «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша тергеу жүргізілген. Алайда 27 сәуірде қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылған.
Дегенмен әйелге қатысты материалдар бөлек өндіріске шығарылып, қазір «қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша тексеріліп жатыр. Әзірге оның әрекетіне түпкілікті құқықтық баға берілген жоқ, бұлтартпау шарасы да таңдалмаған.
Еске салсақ, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева ресми түрде 2022 жылы ажырасқан. Соған қарамастан кейін қайта бірге тұрған. Отбасында бес бала бар.