Бүгін – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Бүгін елде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Қазақстандықтар жыл сайын 31 мамырда жаппай қуғын-сүргінге, жер аударуға және ашаршылыққа ұшыраған миллиондаған жанның рухына тағзым етеді. Зерттеу деректерінде: «1927-1953 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді», - деп жазылған. Ал 1993 жылы елде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.

Тәуелсіз Қазақстанда алғаш қабылданған құжаттың бірі - «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң болды. Ғалымдар бұны тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам, - деді. Заңға 1993 жылы қол қойылып, ал 1997 жылы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні күнтізбеде бекітілді.

Мақсат Алпысбес, ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

- Мемлекет күнтізбесінде атаулы даталар бар. Еліміздің тарихында мақтан тұтатын және қайғыменен еске алатын күндер болады, соның бірі 31 мамыр елімізде болған ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Белгілі тарихшылар ХХ ғасырда өкінішке қарай әлемде 16 түрлі үкімет бола тұра өз халқына қиянат жасаған үкіметтер деп танылған.

Сотсыз ату, аяусыз азаптау. Иә, Сталиндік репрессия кезінде ұлт зиялылары жаппай қудаланды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған асыл перзент халық жауы атанды. Азаптау лагерьлері әйгілі тұлғалардың жұбайларын да құрбан қылды. Тарихшылар мұндай кесапат ешқашан қайталанбауы тиіс, - дейді.

Мақсат Алпысбес, ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

- Бұл бүтіндей халыққа, әлеуметке, қоғамға қарсы жасалған өте ауыр, зардабы қиын, мемлекеттік маштабтағы қылмыс болғандығын біз айтуымыз керек. Жастар бұны білмейтін болса, жастардың тарихи жадысында бұл қалыптаспайтын болса, онда біз өткен тарихымызды толық білеміз деп айта алмаймыз.

Иә, өткенді білу, одан сабақ алу кез-келген ез азаматының парызы. Құпия болған талай құжат Кеңес одағы ыдыраған шақта ақтарылса, ел тарихын зерделеген сарапшылар бүгінге дейін тоз-тоз болған талай архивті қалыпқа келтірді. Бұл ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өте көп жұмыс атқарылды. Комиссия жұмысы аясында көптеген сараптамалық, архивтік жұмыс жүрді. Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Бас прокуратураның жалпы миллионнан аса құжаттың құпия белгісін алып тастауға қолымыз жетті. Ерекше атап өткім келетіні, көптеген іс құжаттары ескіріп, бұзылуға шақ қалған шағында табылды. Олардың барлығы Президент архивіне берілді.

Бүгінгі ұрпақтың борышы - тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу. Бұл бағытта ғалымдарымыз тынымсыз еңбек етіп жатыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының арқасында 300 мыңнан астам азамат ақталды. Мемлекеттік архив құжаттары егжей-тегжей зерттеліп, том-том жинақ дайындалды. Бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді.