Түркістан облысында қарбыз пісті, қапқа түсті
Түркістан облысының диқандары ерте піскен 200 тонна қарбызды еліміздің ірі қалалары мен көрші Ресей Федерациясына жөнелтті.
Биыл бақша өнімдері былтырғыға қарағанда 10-15 күнге ерте пісті. Осыдан он күн бұрын жетісайлық диқандар қауынның алғашқы өнімін экспортқа шығарған еді.
Жетісай ауданында бақша дақылын жинау науқаны қызу жүріп жатыр. 15 жылдан бері қарбыз егумен айналысатын диқан Тимуржан Дадаев биыл ерте пісетін дақылды 15 гектар жерге еккен. Қазір 65 күнде дайын болған өнімді жинап, тұтынушыға жіберуде. Ерте піскен өнімге сұраныс та жоғары. Бұл өз кезегінде шаруалардың табысын арттыруға сеп болатынын айтады.
Тимуржан Дадаев, диқан:
- Бағасы 190 теңгеден Ресей мемлекетіне жөнелтіп жатырмыз. 5 жылдың көлемінде тамшылатып суару әдісімен егеміз. Нәтижесі жақсы. Дәрісі мен суынан үнем болады. Ерте пісуіне де көмегі бар. Өнімділік көбейді. Гектарына 40-45 тоннадан өнім алып жатырмыз.
Биылғы жылы Жетісай ауданының дихандары 20 мың гектардан астам суармалы алқапқа бақша және көкөніс дақылдарын еккен. Оның ішінде 3 мың гектарда қарбыз өсіп тұр. Диқандар сапалы әрі мол өнім алуға күш салғандарын айтады. Ағын судың қажетті мөлшерде уақытылы берілуі мен заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану нәтижесінде алғашқы өнім ерте жиналды.
Ерасыл Зекен, аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
- Қазіргі таңда бақша дақылдарының алғашқы өнімдері қауын-қарбыз мамыр айының 15-нен басталған. Шаруа қожалықтарынан көршілес мемлекеттерге сұраныстың жақсы болуына байланысты қазіргі таңда бақша өнімдерінің бағасы жақсы болып тұр. Былтырғы жылмен салыстырғанда 200-300 гектарға артық егілуде.
Облыс диқандары биыл әр гектардан орта есеппен 400 центнерге дейін өнім алуды көздеп отыр. Алдағы күндері өнім жинау қарқынын күшейіп, экспорт көлемін ұлғайтуға, ішкі және сыртқы нарықты табиғи әрі сапалы өніммен қамтуға ниетті. Сондықтан мамандар биыл бақша дақылынан 1 млн 400 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.
Ерсұлтан Қадірбек, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қауын 42 мың гектарға, қарбыз 20 мың гектарға егілді. Қауын бойынша 220 тонна алғашқы өнім Ресейге жөнелтілді. Қарбыз дақылы бойынша 600 тонна өнім жиналды. Алдымен ішкі нарыққа, артығын Ресей, Беларусь еліне жіберу жоспарда. Қауын-қарбызды тамшылатып суару қарқынды жүруде.
Айта кетейік, былтыр Түркістан облысының диқандары 1 млн 300 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, соның тең жартысы Мақтаарал мен жетісайлық диқандарға тиесілі.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов