Қостанай облысында орман өртіне қарсы оқу-жаттығу өтті

Қостанай облысының Арақарағай орман шаруашылығында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.

Тактикалық жаттығу барысында төтенше жағдайлар жасақтары мен орман шаруашылығы, полиция, медицина қызметкерлерінің өртке қарсы бірлескен іс-қимылы көрсетілді.

Жаттығу сценарийіне орай Арақарағай орман шараушылығында өрт ошақтары байқалған. Хабар түсе салысымен оқиға орынына жедел жеткен десант тобы отты сөндіруге кірісті. Бірақ  желдің екпінімен күш алып кеткен қызыл жалын, орман іргесіндегі ауылға төніп келді. Сол сәтінде өрт сөндіру көліктері оқпанмен, жоғарыдан тікұшақпен су шашу арқылы қауіптің бетін қайтарды.

Ерлан Төрегелдиев, ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:

- Бүгін алғашқы рет өртті сөндірудің каскадтық әдісі қолданылды. Яғни от шалған аумақтың жиектері кезегімен су шашу арқылы салқындатылады. Сөйтіп, өрттің өршуіне жол берілмейді. Жаттығу өз мақсатына жетті. Төтенше жағдайлар кезінде орындалатын барлық іс-қимылдар өз деңгейінде атқарылды.

Соңғы үш жылда орман шаруашылықтарын техника, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге ел бюджетінен 100 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Соның арқасында барлық жасыл желек аумағы ақпараттық-цифрлық жүйемен бақылауға алынған.

Ерлан Құтпанбаев, орман шаруашылығы және  жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

- Өрттерді ерте анықтау жүйесімен 5 миллионға жуық гектар қамтылды. Оның ішінде бірінші кезекте Ақмола облысының, сосын Науырзым қорығы бар, «Жасыл аймақ» мекемесінің аумақтары, екінші этапта 7 ерекше табиғи аумақтардың, үшінші этапта Шығыс Қазақстан облысындағы орман мекемелеріне лизинг арқылы осы жұмыстар толық жүргізілді.

Өңірдегі бірегей табиғи кешен - Науырзым қорығы ерекше бақылауда. Аумағы жағынан ауқымды орман алқабын тілсіз жаудан қорғау үшін барынша қам жасалған.

Дулат Қойлыбаев, Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының директоры:

- Науырзым қорығында бізде биылдан бастап, ерте анықтау жүйесі орнатылды. Бұл 10 мұнара. 10 мұнарада бейнекамералар орнатылған. Әрбір бейнекамера 20-30 шақырымдай жақындатады. Және де мұнау түтін болған жағдайда ерте анықтайтын жүйе.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Жыл басынан бері Қостанай облысында 12 орман өрті тіркелген. Жедел іс-қимылдың арқасында олардың өршуіне жол берілген жоқ. Егістік алқаптарында, ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтаманы үшін 600-ден астам адам әкімшілік жауапкерішілікке тартылған.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров