«Серпін» бағдарламасының игілігі қандай?
Солтүстік Қазақстан облысында «Серпін» бағдарламасы бойынша бір жарым мыңға жуық бала жоғары білім алды.
Мемлекет тарапынан оңтүстік өңірлердің мектеп түлектеріне тегін оқу гранты бөлініп, жатақхана беріледі. Оларды жұмыспен қамту мәселесі де шешілген.
Динара Алдабергенқызы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң, «Серпін» бағдарламасы бойынша Петропавлдағы университетке оқуға түсіп, жоғары білім алды. Қазір бастауыш сынып мұғалімі жекеменшік мектепте жұмыс істейді.
Динара Алдабергенқызы, бастауыш сынып мұғалімі:
- Солтүстік Қазақстан облысында қалу ойда бар. Осы жақтың тіршілігіне үйрендім. Қызылорда облысына қыдырып, қонаққа барғым келеді. Ал өмірімді осында жалғастырамын бұйыртса.
«Серпін» бағдарламасы оңтүстік өңірлердегі мектеп түлектерінің білімге деген шамшырағын жақты. Солтүстік Қазақстан облысында жоба арқылы бір жарым мыңға жуық бала диплом алды. Оларға оқу гранты мен жатақхана тегін беріледі.
Әсел Келдеғұлова, Университеттің дуалды оқыту және мансап орталығының жетекшісі:
- 2026 жылы 47 түлек бітіріп жатыр. Олардың көбі педагогикалық мамандық бойынша оқу бітіріп жатыр. Оларды қазір біз Солтүстік Қазақстан облысы бойынша және басқа да 8 аймақ бойынша жұмысқа орналастырып жатырмыз.
Өңірде диплом алған 400 бала осында қалып еңбек етіп жатыр. Петропавлдағы университет пен ірі кәсіпорындар арасында ортақ келісім-шарт бар. Ол бойынша әр түлек мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков