Қазақстанда есімдер тренді өзгерді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 2026 жылдың басынан мамыр айының соңына дейінгі кезеңде жаңа туған балалардың ең танымал және сирек есімдері аталды, деп хабарлайды «24KZ».

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ұлдар арасында ең танымал есім  - Алан. Жаңа туған 957 нәрестеге осы есім қойылыпты. Екінші орында Әлихан - 792 бала, ал үшінші орында Мұхаммед - 791 бала. 

Ұл балалар арасындағы ең танымал 10 есім мыналар: Айсұлтан, Алдияр, Хамза, Омар, Альтаир, Мұхаммед және Әмір. 

Қыздар арасында Айлин есімі көш бастап тұр. Бұл есім  жаңа туған 1744 нәрестеге қойылыпты. Екінші орында Асылым - 1449 бала, ал үшінші орында Мәдина - 1234 бала.

Ең танымал қыз бала есімдерінің ондығына мыналар кірді: Томирис, Айша, Аяла, Мариям, Сафия, Айым, Әдия. 

Сондай-ақ, сирек кездесетін есімдер белгілі болды, олар жыл басынан бері тек бір балаға қойылыпты. 

Сирек кездесетін қыз бала есімдері: Ирисликой, Жизель, Эйлиша, Яраслава, Бегайым, Ақбат, Анар, Аша, Жаңылсын, Юлдузие. 

Сирек кездесетін ер бала есімдері: Қамранбек, Мұхамедин, Юсуфбек, Хасанбой, Бектілес, Райымхан, Рузали, Әл-Әли, Халилла және Яшар. 

2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 0–17 жас аралығындағы 6,9 миллион бала тұрады, бұл республика халқының жалпы санының 33,6%  құрайды.

Балалардың 62,3%  қалалық жерде, ал 37,7%  ауылдық жерде тұрады. Ұл балалардың үлесі - 51,4%, қыз балалардың үлесі - 48,6%.

Балалардың ең көп саны республиканың үш өңірінде тіркелген: Түркістан облысында -910,4 мың (13,2%), Алматы қаласында - 688,9 мың (10%) және Алматы облысында - 572,3 мың (8,3%) бала.

Соңғы 5 жылда балалар саны 4,4% артты.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз