«Самұрық-Қазына» қорының әлеуметтік қолдауы

Ақтөбедегі «Қамқорлық» әлеуметтік оңалту орталығында «Балаларды қорғау» күніне орай мерекелік кеш өтті.

Инклюзивті бейімдеу мекемесі мамандары аутизмге шалдыққан бүлдіршіндерді қабылдайды. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ашылған орталықта қазір 125 бала ем қабылдап жүр. 

6 жастағы Иман Қарабалина биыл мектеп табалдырығын аттайды. Аутизм диагнозы бар балақай былтырдан бері тыңғылықты дайындалып жүр. Ата-анасы «Қамқорлық» оңалту орталығының мамандарына жүгінген. «Самұрық-Қазына Траст» қоры ашқан арнаулы мекемесіндегі ABA-терапия, сенсорлық интеграция, арт және музыка терапиясы бүлдіршіндердің әлеумет пен тұрмысқа бейімделуіне мүмкіндік береді.

Айдана Толыбаева, қала тұрғыны:

- Осы орталыққа келгелі бізде өзгерістер өте көп. Өйткені мұнда сенсорлы интеграция деген бар. АФК деген сабақтар бар. Деффектолог, психологтар бар. Сөздік қоры өте аз болды. Қазір сөздік қорымыз көбейді. Енді біздер ПМПК-ға қатысып, мектепке жолдама аламыз. Биыл мектепке барамыз. Осы мектепке даярлық жақсы болды.

Қазір аутизмі бар балаларға арналған орталық жүзден астам балаға кешенді қолдау көрсетіп отыр. Білікті мамандардың ем-домы тегін, медициналық жолдама аясында жүзеге асырылады.

Альфия Әдиева, Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:

- Әр орталық 2000 шаршы метрді құрайды, шамамен 40-45-тей кабинет бар. Әрбір бала таңертең, түскі уақытқа дейін осы жерде әлеуметтендіру сабақтарынан және арнайы кәсіби мамандармен жұмыс жасайды. «Самұрық-Қазына» қорымен ашылған 55 оңалту орталығында жыл сайын 21 мыңнан астам бала тегін оңалту шараларынан өткізіліп отырады.

Жалпы «Самұрық-Қазына Траст» қоры өңірлерде түрлі әлеуметтік нысандар салу үрдісін 2019 жылы бастады. Ал биыл Шұбарқұдық кентінде аралас типтегі «Айнала» оңалту орталығы ашылды. Мұнда 20-дан астам білікті маман қызмет етеді. Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы да «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен қайта жарақталды. Кітап қоры 80 мыңнан асатын кітапхана қазір облыс орталығындағы ең заманауи мәдениет пен білім ошағының бірі саналады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов