5 айда 1,5 тонна синтетикалық есірткі тәркіленді

Биыл мыңнан астам есірткі қылмысының жолы кесілді. 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. "Киберқадағалау" жүйесі арқылы 5 мың интернет-ресурс бұғатталды.

Антифрод орталығының көмегімен құны 100 млн теңгеге тең транзакциялар тоқтатылды. Бір жарым тоннаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкіметте баяндады. Ол нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында 71 іс-шара жүзеге асырылғанын айтты. Олжас Бектенов Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ Бас прокуратура, Әділет, Оқу-ағарту, Жасанды интеллект және цифрландыру министрліктерінің басшылығы, бірқатар өңір әкімдері қатысты.