Алматыда «БалаFEST – 2026» фестивалі өтті

Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше сән-салтанатпен атап өтілді. Мереке аясында дәстүрлі «БалаFEST – 2026» фестивалінің финалы өтті.

Ауқымды жоба биыл бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жас өрендерге қолдау көрсетті. Биылғы фестиваль балалардың цифрлық дағдысын дамыту мен шығармашылық әлеуетін шыңдауға басымдық берді.

Мерекелік іс-шараға 5 мыңнан астам оқушы жиналды. Олар жеті тақырыптық аймақты аралап, шеберлік сабақтарына қатысты. Сондай-ақ балаларға робототехника, киберспорт және экологиялық жобалар таныстырылды.

Дәулет Досан, 5-сынып оқушысы:

- Біз қазір «БалаFEST» робот зертханасының интерактивті аймағында тұрмыз. Бұл жақта балалар қарапайым робот үлгілерін құрастырып, оларды іске қосады. Қызықты шағын тапсырмаларды орындап, роботты белгіленген мақсатқа жеткізеді. Осының арқасында балалар тек көңілді уақыт өткізіп қана қоймай, робототехниканың негіздерімен, логикалық ойлаумен және құрастыру принциптерімен танысады.

«БалаFEST – 2026» фестивалінің ақтық мәресіне жету үшін оқушылар бірнеше ай бойы іріктеу кезеңдерінен өтті. Олар спорт, экология және робототехника бағыттары бойынша бақ сынады. Биылғы додаға 240 мыңнан астам оқушы қатысты. Бүгін мектепішілік және аудандық кезеңдерден суырылып шыққан 1335 жеңімпаз марапатталды.

Гүлнұр Нұрланқызы, «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:

- Халықаралық балаларды қорғау күніне арнайы бағытталған. Қосымша білім берудің барлық мүмкіндіктерін таныту және оқушыларды ашық алаңда мерекелік көңіл-күймен қарсы алу. Бүгінгі алаң бізде 8 бөлімге бөлініп отыр. Әр бөлімде үш жас ерекшелігіне сай оқушылар квесттен өтіп жатыр.

«БалаFEST» жобасы 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальжас ұрпақты зияткерлік тұрғыдан дамытуды көздейді. Сонымен қатар әр баланың бойындағы жасырын талантты ашуға мүмкіндік береді.

Авторы: Ернұр Рысбай