Таудағы оқыс оқиғалар саны 30% өскен
Туристік ағынның артуына байланысты таудағы оқыс оқиғалар саны шамамен 30 пайызға өскен. Көбіне дайындықсыз барған жастар зардап шегеді.
Алматыда «Тау Жүрек: Биік мәдениет» жобасы басталды. Оның аясында шамамен 100 мың адамға таудағы қауіпсіздік, экоэтика және тау мәдениеті туралы тегін үйретіледі.
«Солнышко» балаларды қолдау орталығының 30-дан астам тәрбиеленушісі «Тұйық-Су» альпинистік лагеріне жаяу туристік жорыққа шықты. Олармен бірге кәсіби альпинистер, нұсқаушылар мен құтқарушылар еріп жүрді. Алайда, шыңды бағындырмас бұрын, балалар таудағы ең басты қағида қауіпсіздікті меңгеруі тиіс.
Жол оңай болмады. Кей тұстарда соқпақ қиыршық тастар басқан тік беткейлермен жоғары көтерілуге тура келді. Соған қарамастан, жас туристер бұл сынақтан сәтті өтті. Жол бойында олар бағыттан адасып кетпеу, жорыққа дұрыс дайындалу және табиғатты қорғау туралы дәрістерді мұқият тыңдады.
Нұрсұлтан Шоқанов, Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті:
- Кейінгі ұрпақты тауда өзін қалай ұстау керектігін, тіршілік ету мен қауіпсіздіктің негізгі дағдыларына, экологиялық мәдениетке міндетті түрде үйретуіміз керек. Атап айтқанда, қоқыс тастамайтын, дайындықпен шығатын және адаспайтын болуы қажет. Статистикаға сүйенсек, тек өткен жылдың өзінде 410 құтқару операциясы жүргізілген. Өкінішке қарай, тауға дайындықсыз шығатын жастар кейде адасып, жарақат алып жатады.
Тынығып, түскі ас ішіп алғаннан кейін бағдарламаның тәжірибелік бөлігі басталды. Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен балалар шатырлы лагерь құруды үйреніп, туристік жабдықтармен танысты. Альпинизмдегі түйіндерді байлау тәсілдерін меңгерді.
Наталья Забровская, «Солнышко» балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары:
- Таудың табиғаты ғажап. Біз Алматыда тұрсақ та, өкінішке қарай мұнда өте сирек келеміз. Балалар үшін бұл естен кетпес саяхат болды десем артық айтпағандық. Біз қаланың төменгі бөлігінде орналасқан ауданда тұрамыз. Тау алыстан көрінеді. Бұл жерге әлемнің әр түкпірінен туристер арнайы келеді. Ал біз осында тұрып, сирек келеміз. Енді ыңғайы келсе жиі келейік де, уәделесіп жатырмыз.
Дарья Жаркова, «Тау жүрек: биік мәдениет» жобасының қатысушысы:
- Маған өте ұнады, шара жақсы ұйымдастырылған. Ең қатты ұнағаны әрине, таудың көрінісі. Ауасын айтсаңызшы... Биік тауды алғаш рет көріп тұрмын. Бұл жерге алғаш рет келуім. Алған әсерім керемет. Шаршамадым. Көтерілген кезде қиын болған жоқ. Керісінше, бәрі көңілді болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба 100 мыңға жуық ел тұрғынын қамтиды. Қатысушыларға таудағы қауіпсіздік негіздері, туристік дағды және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениеті тегін оқытылады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов