Президент бірегей кешенді аралады
Алматы облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы GREEN ЕСО заманауи жылыжай қызметімен, сондай-ақ Қазақстан нарығындағы өндіріске қолданылатын технологиялармен танысты.
Бүгінде 160 адам еңбек ететін кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі. Ол жерде қандай өсімдік түрлері өсіріледі? Жылыжай кешенінің ерекшелігі неде?
Құралай Жұмахан, тілші:
- Бұл – елімізде баламасы жоқ жоғары технологиялы жылыжай кешені. Кәсіпорын күніне 20 мың қорап өнім шығарады. Олар бірден еліміздегі супермаркеттерге жөнелтіледі. Смарт-технологиялар арқылы жасалған кешенде 30-дан аса пайдалы өсімдік пен шөп өсіріледі. Мұндағы аскөкті тұтынар кезде жумай-ақ бірден жей беруге болады. Себебі олар стерильді таза ортада өсіріледі.
Роман Шнайдерман, «Green Eco» ЖШС директоры:
- Арнайы ыдыста өсіреміз. Тұтынушы алған кезде өз бақшасынан алғандай балғын күйде болады. Бастысы, өзінің пайдалы қалпын сақтайды. Арнайы егін машинасы отырғызады бәрін. Мұны ауылшаруашылығындағы хайтек десек те болады.
Жылыжай жылына 1,5 млн түпке дейін ағаш, сәнді бұталар мен гүлдер өсіреді. Өндірістік процесс толық автоматтандырылған, ал сапасы Дания, Германия және Италиядан жеткізілген құрал-жабдықтардың көмегімен тексеріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Turanga сәндік өсімдіктер тұқымбағын ұйымдастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалды. Онда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп бұта өсіру жоспарланып отыр.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Бүгінгі күні халқымыздың 81 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сол себепті ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, кеңінен жаңа технологияларды ауыл шаруашылығында қолдану керек болып тұр. Қазіргі күні бізде мысалдар бар, жайылым жерді суармалы жерге ауыстырып, сол жерде егін егіп жатқандар бар.
Бүгінгі кеңесте Мемлекет басшысы да өңірдің агросаласына тоқталды. Сондай-ақ Алатау қаласын абаттандыруға және жайлы қоғамдық орындар салуға ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осыған байланысты Үкіметке, әкімдерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл – конституциялық міндет. «Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті оның тұтас идеологиясына айналуы керек.
Алматы облысында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 59%-дан асты. 2030 жылға дейін алма бақтарын кеңейту, жүгері егісін ұлғайту, сүт-тауар фермаларын салу, жаңа құс фабрикалары мен бордақылау алаңдарын іске қосу жоспарланып отыр.