ҚР Парламентшілері ядролық жарылыстан зардап шеккендермен кездесті
Қазақстан Парламентінің депутаттары Бибігүл Жексенбай мен Нұргүл Тау Токио қаласында Атом және сутегі бомбаларынан зардап шеккендер ұйымдарының жапондық конфедерациясы – «Нихон Хиданкё» басшылығымен ресми кездесу өткізді.
Бұл бірлестік ядролық қаруды жою жолындағы көпжылдық ауқымды қызметі үшін 2024 жылдың желтоқсанында Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ие болған еді. Қазақстандық сенатор өз сөзінде Семей ядролық полигонындағы сынақтардың ауыр зардабын тартқан Қазақстан халқы үшін «Нихон Хиданкё» ұйымының миссиясы өте жақын әрі түсінікті екенін атап өтті. Айта кетейік, биыл полигонның жабылғанына 35 жыл толады. Бибігүл Жексенбай халықпен кездесулер барысында зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау, оларға медициналық қолдау көрсету, келесі ұрпақтың денсаулығына мониторинг жүргізу, сондай-ақ полигонды жабу операцияларына қатысқан әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру мәселелері талқыланатынын жеткізді. Осыған байланысты Қазақстан үшін Жапонияның зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау, өтемақы төлеу және радиация зардаптарын ғылыми тұрғыдан зерттеу тетіктері үлкен қызығушылық тудырады. Сонымен қатар сенатор Семей полигонының жабылуына 35 жыл толуына орай қоғам қайраткері Майра Әбенованың жетекшілігімен Қазақстанда басталған «Балалар әлемді бейнелейді» халықаралық акциясы туралы айтып берді. Депутат «Нихон Хиданкё» басшылығына бұл жобаны Жапонияның жастар және білім беру ұйымдары арасында қолдауды ұсынды.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жұмысы жаһандық бейбітшілік мәдениетін, гуманитарлық қауіпсіздікті және халықаралық антиядролық қозғалысты дамытуға маңызды үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі әлемге тек қана жаңа технологиялар мен қуатты экономикалар ғана емес, моральдық бағдарлар да аса қажет.
Дзиро Хамасуми, «Nihon Hidankyo» Атом және сутегі бомбаларынан зардап шеккендер ұйымдарының жапондық конфедерациясының бас хатшысы:
- Біз бұл қасіреттің мемлекет тарапынан тұтанған соғыстың салдары екенін мойындауды және үкіметтің жауапкершілікті өз мойнына алып, келтірілген залал үшін өтемақы төлеуін талап еттік. Осы уақытқа дейін біз үш бірдей заңның қабылдануына қол жеткіздік. Оның ең соңғысы 1994 жылы жарық көрді, алайда бұл заң біздің талаптарымызды толық қамти алған жоқ. Біздің басты талабымыз – бұл төлемдердің әскери іс-қимылдар үшін берілетін өтемақы ретінде тікелей мемлекет тарапынан кепілдендірілуі.