Ақтөбе әкімі аппаратының бұрынғы басшысы алаяқтық үшін сотталды
Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Исембайұлы алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ» «Ақ Жайық» сайтына сілтеме жасап.
Сот Нұрсұлтан Исембайұлын ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеумен үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ сот зардап шегушінің азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сотталған азаматтан 3 млн теңге материалдық шығын, ал заңды өкілдің пайдасына 1,5 млн теңге өндіріп алу белгіленді.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Исембайұлы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Іс сотқа 2024 жылдың желтоқсанында түскен болатын. Бұрынғы шенеунікке алаяқтық, яғни алдау немесе сенімді асыра пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтеннің мүлкіне құқықты иемдену айыбы тағылды.
Бұған дейін, 2025 жылдың сәуір айында Ақтөбе әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исембайұлы сот шешімімен ақталған еді.
Алайда кейінірек прокуратура бірінші инстанция сотының шешіміне шағым түсірді. Нәтижесінде бұрынғы шенеунік кінәлі деп танылып, нақты мерзімге сотталды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз