Жаза жеңілдеп, айыппұл кешіріледі
Қазақстанда ауқымды рақымшылық жарияланады.
Елдегі 5 мыңға жуық сотталған азамат темір тордан толық босатылуы мүмкін. Тағы 1500-ға жуық түзету мекемесіндегі қазақстандықтың бостандыққа шығуы қарастырылып жатыр. Бұрын-соңды болмаған ізгілік шарасына қатысты бастама бүгін Мәжіліс қабырғасында қолдау тапты. Айыппұлын айлап төлемегендерге де кешірім беріледі.
Бір күнде млрдтаған айыппұл кешіріліп, мыңдаған сотталушы бостандыққа шығуы мүмкін. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған екі бірдей рақымшылық жарияланбақ. Алғашқысы қылмыстық істерге кешірім беру шарасы. Темір торға тоғытылған 16,5 мың адамның тағдыры таразыға салынады. Жіктеп айтсам, 10 мыңнан астам сотталушының жаза мерзімі қысқартылады. Тағы 5 мыңға жуық қазақстандық тар қапастан толық босатылуы мүмкін. Түзету мекемесіндегі 1500 адамның бостандыққа шығуы да қарастырылып отыр.
Абзал Құспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, қауіптілігі аз қылмыстар, зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе жазасын толық өтеген орташа ауыр қылмыстар үшін соның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату.
Миллионның мойнындағы айыппұл жүктемесі де жеңілдейді. 16 наурызға дейін төленбеген 1 миллион берешек есептен шығарылуы мүмкін. Қарыздың жалпы сомасы 17 миллиард теңгеге жуықтайды. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, әкімшілік рақымшылықтың пайдасын 500 мыңнан аса қазақстандық көреді. Заң күшіне нақты енгеннен кейін әр азаматқа жеке хабарлама келеді. Осы арқылы айыппұлдардың жойылғаны немесе қай сатыда екендігі жөнінде ақпарат ала алады.
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Алғашқы әкімшілік амнистияны атқару барысында цифрлық тәсілдер қолданылады. Бас прокуратураның арнайы статистика комитеті реестр құрып, арнайы сол бойынша қаулы шығарады. Сол қаулы автоматты түрде жіберіледі. Содан кейін бекітілген қаулы сот орындаушыларға жіберіледі төленбеген айыппұлдарды алып тастау үшін.
Десе де, рақымшылықтың шеңбері шектеулі. Террористік, экстремистік сипаттағы қылмыс жасағандар, млндар мен млрдтарды ойланбастан қалтасына басқандарға кешірім жоқ. Қысқасы, әкімшілік рақымшылық 263 бапты қамтып, 15 мемлекеттік органға қатысты құқық бұзушылықтарға қолданылады.
Кәмшат Мұхамеджан, Марат Диханбаев