Қызылорда облысында егістік автоматты жүйемен суарылады
Қызылорда облысында егіс алқаптары лазермен тегістеліп жатыр. Мамандардың айтуынша, тегіс жер ылғалдың біркелкі таралуына қолайлы.
Биыл өңірде осы әдіспен өңделетін алқап көлемі 65 мың гектарға жетуге тиіс. Енді ғалымдар бұл тәсілдің нақты қанша су үнемдейтінін және өнімділікке әсерін зерттеуге кірісті.
Биыл Сыр өңірінде егінді суаруға 3 миллиардтан астам текше метр су лимиті бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 650 миллион текше метрге кем. Су тапшылығының алдын алу үшін мамандар су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдетіп отыр. Соның бірі – жерді лазермен тегістеу. Бұл әдістің нәтижесін нақтылау үшін ғалымдар арнайы зерттеу бастады. Ол үшін алқаптарда автоматты суару жүйесі қолданылып жатыр.
Серікбай Өмірзақов, Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас ғылыми қызметкері:
- Судың деңгейін плюс-минус 0,5–1 сантиметр дәлдікке дейін жеткізіп, содан кейін барлық автоматтандырылған қондырғыларды орнатамыз. Осы арқылы егін өндірушілерге оның тиімділігін нақты көрсетеміз. Яғни бұл технологияның өнімділікке қалай әсер ететінін, суды қаншалықты үнемдейтінін және басқа да артықшылықтарын тәжірибе жүзінде дәлелдеп көрсетеміз. Сол арқылы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу мен пайдаланудың қажеттілігін негіздейміз.
Автоматтандырылған су өлшеу құрылғысы атыз басындағы су арналарына қойылады. Отандық мамандар құрастырған бұл жүйе толық күн энергиясымен жұмыс істейді. Электр қуатын да көп қажет етпейді. 12 вольт жеткілікті. Шағын аппарат негізгі екі бөліктен тұрады.
Ернар Егізбаев, жоба инженері:
- Бір құрылғы судың ағысын ашып-жабуға арналған, ал екіншісі кірген және шыққан судың көлемін есептеу үшін қолданылады. Бұл жүйе арқылы қазіргі кезде егістік алқаптарына қанша текше метр су келіп жатқанын, қанша шығын болып жатқанын және қанша су кіріп-шығып жатқанын толық бақылауға болады.
Заманауи құрылғы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік алқабындағы 7 аумаққа орнатылды. Қазір бұл жерге отандық «Сыр сұлуы» күріші егілген. Жаңа технологияның нақты экономикалық тиімділігі мен қорытынды нәтижесі күзде өнім жиналғаннан кейін белгілі болады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин