Елде рәміздер күнінде экскурсия ұйымдастырылды

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шараны Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі де ұйымдастырды.

Еліміздің кішкентай азаматтарына экскурсия өткізіп, Қазақстанның тәуелсіздік жолы, мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызы туралы жан-жақты ақпарат берілді. 

Қазақстан елшілігі рәміздер күніне орай кішкентай қаракөздердің басын қосуды жөн санапты. Мақсат балалардың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, елдік рухты ұлықтау.

Сержан Сәрсенбаев, Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі:

- Балаларымыз шетелде жүрсе де елмен байланысып, тамыр үзбеу үшін, отансүйгіштік және патриоттық сезімдерін қалыптастыру үшін осындай шараларды ұйымдастырып тұрамыз.

Балаларға рәміздердің шығу тарихы, елтаңба мен туда айшықталған бейнелердің символдық мағынасы жайлы мәліметтер берілді. Сондай-ақ қазақтың алып тұлғаларының өмірбаяндары, жасаған еңбектеріне қатысты тың деректер айтылды.

Балжан Рахманәлі, мектеп оқушысы:

- Тақырып рәміздер күні болды. Білгенімізше, өте көп жаңа мәліметтер алдық. Осыны ұйымдастырған адамдарға алғыс айтамын.

Аймира Мәлік, мектеп оқушысы:

- Іс шара барысында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, оның патриоттық сананы қалыптастыру бойынша ақпарат берілді. Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, жауапкершілік сезімін арттырады деп ойлаймын.

Ерекше форматта ұйымдастырылған танымдық шараның балалар үшін маңызы зор болды. Қаракөздер елге барып қайтқандай әсер алғандарын айтты. Ал Елшілік өкілдері осы тектес патриоттық сағаттарды жиірек өткізуді жоспарлап отыр.