Астанада Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті
Алдағы күз саяси жаңалықтарға толы болады. Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басқалы отыр. Бүгін Президент Мемлекеттік рәміздер күніне орай ту көтеру рәсіміне қатысты.
Жиында ұлттық нышандарды қадірлеуге қатысты ойымен бөлісіп, саяси реформалардың жалғасы қалай өрбейтінімен бөлісті. Одан бөлек әскери оқу орындарының үздік түлектеріне шен тапсырды.
Бұл − қалың қарашаның қам көңілін қаяудан айырған күн. Тәуелсіздіктің тұғырын, егемендіктің еңсесін көтерген мереке. Дегдар дала дербестігінің белгісі. Осындай мәнді һәм мәртебелі мейрамның басты шарасы «Атамекен» кешенінде өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, әнұран шырқалды. Сол мезетте аспан түстес байрағымыз көкке көтерілді.
Мұндай маңызды күнді ресми рәсіммен шектеуге болмайды. Бұқара биліктен салмақты сөз, оймақты ой, ілкімді іс күтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, мерекенің маңызына тоқталды. Елдік нышандарымызды ұлт құндылықтарының жарқын символы деп атап, оны қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі екенін айтты. Бұл Жаңа Конституциямызда да тайға таңба басқандай жазылған. Осы ретте, жақында Үкімет маңызды қаулы қабылдамақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру, бұл – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет Мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді. Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз.
Биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Осы кезге дейін рәміздерді әлем жұртына таныттық. Елдік нышандар жерге де, көкке де, керек десеңіз ғарышқа да жетті.
Тоқтар Әубәкіров, ғарышкер, халық қаһарманы:
- Сөз арасында Президент алдағы саяси өзгерістер туралы да айтты. Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді. Ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Демек алда ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз. Мемлекет басшысы мақсаттарды жіпке тізе келе, жетістікке тоқмейілсімеу керегін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет. Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және прогрессивті қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санаймын. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы ойдан кейін сөзін Алтын Орда құндылықтарымен жалғады. Негізгі месседж: Қазақстан өз дамуын Алтын Ордадан бастау алатын тарихи мұраға сүйене отырып, ұлттық бірлікті сақтап, цифрлық және технологиялық болашаққа бағыттауы керек. Демек әр азамат тарихымызды тануға міндетті. Ал онымен өзін байланыстырмайтын адамның елімізбен де байланысуы екіталай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде. Халқымыз әділетті, мәдениетті, таза және қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды. Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс – өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз.
Былтыр Президент әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдауды міндеттеп, оларға «аға лейтенант» шенін тапсыру қажет екенін айтқан. Енді биыл алғашқы түлектер сол шенді таққалы отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұны зор жауапкершілік ретінде қабылдау керек деп, бірқатар оқу орнының үздік түлектеріне шен тапсырды.
Нұрдәулет Мұрат, С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі:
- Аға лейтенант шені, үздік атану, Президенттің қолынан шен алу әр курсанттың арманы. Бұл өткізілген іс шара мен үшін алдағы Отаныма адал қызмет ету жөніндегі үлкен күш-жігер береді. Офицер болу бала кезімнен арманым болған.
Алғашқы шенді мемлекет басшысының қолынан алу жас сарбаздар үшін зор мәртебе екені анық. Бойларынан толқу мен қобалжу, таңданыс пен қуаныш қатар сезіледі. Кіл мықтының арасынан оқ бойы озық шыққан түлектің бірі Мәди Қалмаханов. Оның өмірінде бұл күн алтын әріптермен жазылады.
Мади Қалмаханов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы түлегі:
- Мұндай тарихи күнде мемлекет басшысының қолынан аға лейтенант алу үлкен құрмет, мәртебе, жауапкершілік деп есептеймін. Осы орыннан табылып тұрғаныма қуаныштымын. Ата-анама командирлеріме, достарыма бауырларыма үлкен сәлем жолдаймын.
Бұл жас сарбаздар үшін ерекше сәт, мерейлі мезет. Бірі маңызды күнді таспалап алуға тырысады, енді бірі ата-анасының батасын алып, қуанышын достарымен бөлісіп жатыр. Көп түлектің арасынан мына жұп ерекше байқалды. Бұл жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар үшін де ұмытылмас шақ екені анық.
Қанат Ақжолов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының түлегі:
- Қ. Тоқаев 19 мамырда қол қойды. Қызылға бітіретін түлектер аға лейтенант шенін алады деген. Соған қуанышты болдық. Сол күнге жеттік. Бірден аға лейтенант шенін алып тұрмын. Шекара шебінде оқимын. Ең бірінші талап, міндетіміз шекара шебін күзету. Сол бағытта күш саламыз.
Міне, бұл - Қазақстан Қарулы күштерінің келешегі. Айбынды армиямыздың бүгіні һәм болашағы. Олар бүгін ерен еңбек елеусіз қалмайтынын көрді. Мемлекет мезіретін сезді. Ең бастысы, мерейлі сәт рәміздер күнінде қарсы алды. Мұның да символдық мәні болса керек.
Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Серікұлы