Түркістанда Ту көтеру рәсімі өтті
Түркістанда Мемлекеттік рәміздер күніне орай ту көтеру рәсімі өтті.
Маңызды іс-шараға облыс әкімі, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік орган басшылары мен белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары және жастар жиналды. Жиынға қатысушылар Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және халқымыздың рухани тұтастығының символы екенін атап өтті.
Салтанатты рәсімде еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді. Бұл – ел бірлігі мен мемлекеттік нышандарға деген құрметтің жарқын көрінісі еді. Одан кейін аймақ басшысы Нұралхан Көшеров жиналғандарды рәміздер күнімен құттықтап, оның рухани маңызына тоқталды.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Рәміздер мемлекеттің ғана емес, ұлттың жанының символы. Көк байрағымыз - бейбітшілік пен азаттықтың белгісі, Елтаңбамыз - ел тұтастығы мен берекенің нышаны, ал Әнұранымыз - халқымыздың асқақ рухы мен патриоттық сезімін айшықтайтын ұлы туынды. Мемлекеттік рәміздерге құрмет Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Ендеше қасиетті нышандарымызды қастерлеу әр азаматтың абыройлы борышы, перзенттік парызы.
Шараға қатысушылар Мемлекеттік рәміздер - кез келген елдің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ халықтың тұтастығы мен бірлігін бекемдейтін ең маңызды құрал екеніне тоқталды.
Бақытжан Бейсенбаев, қала тұрғыны:
- Бүгінгі рәміздер күні біз үшін несімен қастерлі? Рәміздер дегеніміз елдің елдігін, егемендігін, тәуелсіздігін көрсететін үлкен символ. Сондықтан біз осы рәміздерді әрқашан құрметтеуіміз, сыйлауымыз керек. Оларды әрқашан жоғары тұтуымыз керек.
Жалпы Түркістан облысында 30-ға жуық рәміздер алаңы бар. Биыл тағы үшеуі пайдалануға берілді. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов