Жастар арасында көз бен жүйке ауруы жиіледі

Жастайынан көзілдірік кию, арқа ауруы, ұйқының бұзылуы мен күйзеліске түсу. Дәрігерлер зумерлердің денсаулығына алаңдаулы.

Мамандардың айтуынша, бұрын орта жаста кездесетін кейбір аурулар, қазір  жастар арасында жиілеп барады. Соның бірі - көз ауруы. Былтырдың өзінде елдегі 53 мың баланың көру қабілеті бұзылған.

Мейрамгүл Нұрғамет кішкентайынан көзілдірік тағады. Бала күнінде теледидар алдында көп отырып, көру қабілеті қалай нашарлап кеткенін байқамай қалған. Кейін телефон, планшет пен түрлі гаджеттер жағдайды одан сайын ушықтырғанын айтады. Салдарынан 14 жыл бойы көзәйнекті қолдан тастамайды.

Мейрамгүл Нұрғамет, Астана тұрғыны:

- Кішкентай кезімнен бастап теледидардың алдында көп отыратынмын. Сол себепті өз көзімді өзім құртып алдым. Көру қабілетім нашар, дәрігердің диагнозы бойынша менің көру қабілетім -3. Алыстан көрмеймін.

Қазақстанда жастар мен мектеп оқушылары арасында миопия дерті белең алды. Яғни көбі алыстан көрмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы скринингтен өткен 2 миллион баланың 53 мыңында көз ауруы анықталған. Мамандар мұны цифрлық құралдарға тәуелділік салдары деп түсіндіреді.

Жанел Тұмарбай, офтальмохирург:

- Қазіргі зумерлер буыны арасында көз денсаулығына қатысты ең өзекті мәселе - миопия. Бұрын миопия, яғни басқаша айтқанда «минус» дейміз немесе алыстан көрмеушілік, ол мектеп жасында басталса, қазіргі кезде ол мектеп жасына дейінгі балаларда да дамып жатыр.

Бұл мәселе тек қана Қазақстанда емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласында үлкен алаңдаушылық туғызып отырған жаһандық проблема деуге келеді. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы жылдары әлем халқының жартысына  жуығы осы миопиямен өмір сүруі мүмкін.

Жанел Тұмарбай, офтальмохирург:

- Бұған себеп не десеңіздер, бұл - экран алдында ұзақ отыру. Яғни телефон, гаджет, смартфон, компьютердің алдында өте ұзақ отыру, смартфон, планшеттерді жақын қашықтықта пайдалану. Таза ауада өте аз уақыт өткізу, яғни далаға шығып серуендеудің аз болуы көзге тұрақты жақын жүктеменің түсуіне әсер етеді.

Бірақ денсаулық тек тән саулығымен өлшенбейді. Толассыз ақпарат ағыны, әлеуметтік желілер мен оқудағы үлкен жүктеме жастардың жүйкесін жұқартады. Психологтар қазіргі буынның бойында мазасыздық, эмоционалды қажу мен ұйқының бұзылуы жиілегенін айтады. Себебі көпшілігі тынымсыз тіршілік ырғағында жүріп, демалуды мүлдем ұмытқан.

Яна Чигарькова, Психология ғылымдарының кандидаты:

- Шамадан тыс эмоционалды жүктеме, жоғары бәсекелестік пен тұрақсыздық. Осының бәрі жастардың психикасын өте сезімтал әрі нәзік етіп жіберді. Олар бәріне бірден реакция білдіреді. Қазір жүйкесі жұқарып, мазасыздықтан антидепрессант ішетіндер көбейгені байқалады. Мұның бәрі қазіргі уақыттың адам психологиясына, әсіресе, әлі толық қалыптаспаған жасөспірімдердің жүйке жүйесіне тым қатты қысым түсіріп жатқанын көрсетеді.

Z буыны цифрлық дәуірдің алғашқы ұрпағы саналады. Сондықтан оның денсаулығына қатысты жаңа қауіптер де дәрігерлер назарында. Мамандардың басты кеңесі – виртуалды әлем мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Досбол Сайрамбекұлы