Алматы облысында қазақ майдангері туралы фильм түсіріліп жатыр

«Бекініс №307». Алматы облысында осындай атпен патриоттық көркем фильм түсіріліп жатыр. Туынды шынайы оқиғаға негізделген.

Онда майдангер Тәңірберген Қалилахановтың ерлігі баяндалады. Басты рөлді танымал актер Дәурен Серғазин сомдайды. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауының нәтижесінде іске асты.

Оқиға желісі 1941 жылы, соғыстың алғашқы күндерінде басталады. Тәңірберген Қалилаханов Молдованың Дубоссары қаласының маңындағы ұрыста ауыр жарақат алып, өз гарнизонынан қалып қалады. Ол жаудан қорғану үшін сол маңдағы бункерге бекінеді.

Киноның «Бекініс №307» аталуы содан. Оған фашистер тұтқиылдан шабуыл жасап, жан-жақтан қоршауға алады. Десе де, ол табандылықпен қорғанады. Үшінші күні жауынгер амалын тауып, тас қамалдан сытылып шығады. Картинаның желісі осылай өрбиді.

Әділ Мереке, режиссер:

- Тарихқа сүйенсек, басты кейіпкерді қоршауға алып, қолға түсіруге тырысқан сарбаздар румын әскерлері болған. Сол уақытта Румыния фашистік Германия тарапында соғысқан. Сондықтан біз фильмде тарихи шынайылықты сақтауды жөн көрдік. Қазір актерлер румын тілін үйреніп жатыр. Сондай-ақ олар түсірілім барысында румын тілінде сөйлейтін болады. Осы арқылы фильмнің тарихи шынайылығы артады.

Түсірілім Алматы облысының таулы аймағында жүріп жатыр. Режиссерлар мұндай жерді көп іздеген. Соңында Кишинев маңындағы орманға ұқсайтын қайың тоғайына тоқтаған. Фильмге қажетті дүниені табу оңай болмаған. Мысалы, қару-жарақ бірнеше киностудиядан жиналған. Сонымен қатар коллекционерлерге қолқа салған. Ал басты кейіпкер Тәңірберген Қалилаханов елге келген соң шығармашылықпен айналысты. Драматургия, поэзия жанрында қалам тербеді. Бірқатар туындылары жарық көрді.Кейін майданда алған жарақаты уақыт өте сыр беріп, соның салдарынан жазушы қос жанарынан айрылады. Қарт жауынгер 91 жасында өмірден өтті.

Тасболат Мерекенов, бас продюсер:

- Соғыстан келген соң журналист-редактор болады. Ақсу ауданында, Жетісуда, Талдықорғанда газетте істейді. Содан кейін жазушы болады, көп кітап жазады, зерттейді. Алтын Орданың дәуірі кітаптары бар әлі. Содан кейін бұл кісінің көп документтері Астанадағы Орталық музейде.

«Бекініс №307» фильмін желтоқсан айында аяқтау көзделген. Ал тұсаукесері келесі жылы Жеңіс күні мерекесіне жоспарланған.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амраев