Түркістан облысында алимент бойынша қарыз 12 млрд теңгеге жетті

Түркістан облысында алимент төлеуден жалтарғандардың берешегі 12 миллиард теңгеге жетті.

Прокурорлар қарызды мәжбүрлеп өндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегенін және борышкерлердің мүлкіне шектеу қойылмағанын айтып, сот орындаушылардың жұмысын сынға алды. 81 борышкер бауыр еті баласына қимаған 113 миллионнан астам теңгені букмекерлік кеңселерге салып жібергені анықталды. Ал Төле би ауданында екі заңды тұлғаға салынған 412 миллион теңге экологиялық айыппұлдың төлеу мерзімі өтіп кеткен, дейді құзырлы орган өкілдері.

Сәкен Сейілханов, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Алимент өндіру саласындағы нақты мысал ретінде 2,6 млн теңге берешегі бар азаматша Исаеваның жағдайы қаралды. Ол 2024–2026 жылдары аралығында 46 рет арызданған. Тек облыстық прокуратураның араласуынан кейін борышкерге 3 тәулік әкімшілік қамау жазасы қолданылып, нәтижесінде 380 мың теңге қарыз өтелді. Қалған берешек кезең-кезеңімен өндірілуде.