АҚШ балалары Қазақстанда бір жыл тұрып қайтты
“Қазақстанға қайта барғымыз келеді”.
Осылай деп Алматыда бір жыл өмір сүріп, Вашингтонға оралған американдық оқушылар қуана айтып жүр. FLEX (Флэкс) бағдарламасы аясында еліміздегі мектепте білім алып, қазақ, орыс тілдерін меңгеріп, төл мәдениетімізден сусындаған балалар саяхаттан ерекше әсер алғандарын жеткізді. Қазақстанда отбасыларда тұрған балалар домбырада ойнауды үйреніп, ұлттық тағамдардан дәм татып, еріктілер жобаларына белсене қатысқан. Оңтүстік астанамызда болып қайтқан жас өрендер өз ойларын АҚШ-тағы Қазақстанның елшісі Мағжан Ілиясовпен кездесу барысында емен-жарқын бөлісіп, елшілік ғимаратындағы тарихи карталар көрмесін қызықтады. Дипломаттың қолынан Абай өлеңдерінің ағылшынша жинағын сыйға алып, Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығына үлес қосуға уағдаласты. Айта кетейік, 30 жыл ішінде FLEX жобасы Қазақстан, Грузия, Польша, Румыния мен АҚШ балаларына арналған мәдени алмасу бағдарламасын ұйымдастырып, оқушының таңдауына қарай бір жыл шетелде тұрып қайтуға мүмкіндік сыйлап келеді.
Люк Йеллен, американдық оқушы:
«Қазақ тілі маған ерекше ұнады. Әсіресе «Мен сені жақсы көремін» деген тіркес қатты әсер етті. Мен оны жай ғана махаббат емес, адамды бар болмысымен көріп, қандай болса сол күйінде қабылдау деп түсіндім. Бұл өте терең әрі әдемі ұғым. Қазақ мәдениетімен жақынырақ танысып, сондай қонақжай отбасында тұрғаным мен үшін үлкен мәртебе болды. Өз мәдениетін мақтан тұтып, оны шын ықыласпен таныстырған жандарға ризамын».
Хэдли Хувлер, американдық оқушы:
«Қазақстанға барып жақсы әсерге бөленіп, ортақ құндылықтарымыздың көп екенін түсініп елге оралып жатырмын. Болашақта Қазақстанға қайта барғым келеді. Мүмкін жұмыс бабымен, мүмкін саяхат болар. Елдің табиғаты мені тәнті етті. Әсіресе тауда серуендеген ұнады. Өкінішке орай, Шарын шатқалын көре алмадым. Бірақ бір күні міндетті түрде барамын деп үміттенемін».