Пробациядағы азаматтарға көмек көрсетілді
Бір жарым мыңға жуық қазақстандыққа әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді.
Олардың басым бөлігі пробация есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан жастар. Қоғамға қайта бейімделуге бағытталған "Restart" жобасы бүгінде Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында қатысушыларға тегін кеңес беріліп, оқыту курстары мен түрлі тренингтер ұйымдастырылады. Бұдан бөлек үш өңірде 150 жұмыс орыны ұсынылып, бизнес өкілдерімен 60-тан астам меморандум жасалған. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, басты мақсат - жастардың жаңа өмір бастауына мүмкіндік жасап, олардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу. Осы бағытта енді "Фильм арқылы психологиялық бейімдеу" бастамасы іске қосылмақ.
Мирует Камзина, "Restart" жобасының жетекшісі:
- Біздің жоба пробация есебінде тұрған немесе бостандыққа шығуға дайындалып жүрген 35 жасқа дейінгі жастарға бағытталған. Негізгі мақсатымыз олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасап, мүмкіндік беру. Осы мақсатта біз психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетеміз. Жобаға үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор және мемлекеттік органдар тартылған. Қазіргі таңда фокус-топтарға 160-тан астам адам қатысты. Ал арнайы байланыс желісіне мыңнан астам қоңырау келіп түсті.
Әсет Молдахметов қала бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №2 мекемесінің сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық жұмысының бөлім бастығы:
- Сотталғандар бірінші күннен бастап, біз оларды бостандыққа дайындаймыз. Cол бостандыққа дайындау барысында осындай үкіметтік емес ұйымдар психологиялық, мамандықтар бойынша, босап шыққаннан кейін де оларды жалғыз қалдырмау үшін оларды жұмысқа орналастырумен психологиялық көмек, әртүрлі көмек көрсетеді.