Жасанды жаңбырдың пайдасы көп
Түркістан облысында жасанды жаңбыр технологиясы шөлейтті аймақтардағы құм көшуінің алдын алу, көлдер жүйесінің экологиялық тепе-теңдігін сақтау мақсатында қолданылып жатыр.
17 мамырдан бастап бүгінге дейін 6 рет әуеге ұшу жүзеге асырылды. Созақ ауданындағы Жуантөбе-Тасты аумағында құм көшкінін тоқтату үшін 3 нүктеге және Қызылқұм даласы мен Отырар ауданындағы Жетікөл бағытына арнайы реагенттер шашылды. Мамандар бұл аймақтар климаттық және атмосфералық жағдайларға тәуелді болғандықтан, тәжірибелік жұмыстар жалғасып жатқанын айтады. Ал реагенттердің бұлтқа әсер ету аумағы диаметрі 5 шақырымға дейінгі қашықтықты ғана қамтиды. Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысы арнайы таңдалған. «Себебі бұл өңірде құрғақшылық жиілеп, су тапшылығы байқала бастады», - дейді мамандар.
Қазыбек Бедебаев, Шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК директоры:
- 2025 жылы ерте көктемнен бастап қара күзге дейін жаңбыр жауған жоқ. Биылғы жаңбырлардың барлығы табиғи. Жаңа технологияның оған қатысы жоқ. Өйткені біз тек қана өзінің нүктелеріне ғана пайдаланып көріп жатырмыз. Түрлі әлеуметтік желіде қазіргі жауынның көп жауып жатқанын жасанды жаңбырмен шатастырып отыр. Жасанды жаңбырдың оған қатысы жоқ.