Ипотекаға сұраныс азайған
Банктер халыққа ипотека беруді азайта бастады. Бұл туралы Ұлттық Банк жүргізген зерттеуден белгілі болды.
Онда 2026 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша ипотекалық қарыздарға сұраныс төмендеген. Ірі банктер бұған былтыр сыйақы мөлшерлемелерінің өсуі әсер еткенін айтады. Сондай-ақ пайдалануға берілетін тұрғын-үй көлемінің азаюы да нарыққа өз әсерін тигізіп отыр. Алайда мамандар тағы бірнеше фактор барын айтады.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- 2026 жылдың алғашқы үш айында несиелік өтінімдер саны 21% төмендеді. Осы уақыт ішінде небәрі 191 мың қарыз берілген. Оның да орташа мөлшері 4 пайыз азайып, 20 жарым млн теңгеге дейін түскен. Бұл көрсеткіш әлі де төмендеуі мүмкін дейді мамандар. Себебі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк 1 маусымнан бастап ипотекалардың шекті мөлшерлемесін 20 пайызға дейін түсірді.
Вячеслав Лазарев, «Қазақстан құрылысшылары одағы» РҚБ Астана қалалық филиалының директоры:
- Бұл өзгеріс қайталама нарыққа қатты әсер етеді. Себебі жаңа үйлер көбіне «Отбасы банк» пен құрылыс компанияларымен бірлескен бағдарламалар арқылы сатылады. Яғни банк пен компания бірлесіп төмен пайыз қояды. Алайда ол кезде шаршы метрлердің құны көтеріледі. Себебі олар мөлшерлемені түсіргендегі шығынын осылай өтейді. Сондықтан жалпы нарыққа әсер етпесе де, ескі үйлерді ипотекаға алу қиындайды деп ойлаймын. Банктер қайталама нарықта ипотека рәсімдеуді тоқтатуы да мүмкін.
Бұл өзгеріс екінші рет енгізіліп отыр. Былтыр банктер бұл шарттармен ипотека беруден бас тартқан болатын.
Айбар Олжай, сарапшы:
- Бұның алдында енгізгенде банктер кішкене техникалық жұмыстар бойынша тоқтатып қойды. Өздеріне қызық еместігін бірден білдірген болатын. Енді қалай? Енді мүмкін жағдай өзгере ме? Өйткені бәрібір алғашқы жарна бойынша градация бар ғой. Ең алдағы шектеу кезінде ол енгізілген жоқ болатын. Қазір алғашқы жарна бойынша градация бар. Сондықтан да ойын ережесі басқа болып тұр.
Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17 пайызға дейін түсірді. Яғни банктердің табысы 1 пайыз артты деген сөз. «Дегенмен оларға оңды-солды қарыз таратуға кедергі келтіретін басқа да факторлар бар», - дейді мамандар.
Венера Жаналина, қаржыгер:
- Ипотекалық несиелеу бойынша банктердің жұмысын тек Ұлттық Банктің жоғары базалық мөлшерлемесі ғана қиындатып отырған жоқ. Сонымен қатар Ұлттық Банктің ең төменгі резервтік талаптары да банктерге қосымша жүктеме түсіреді. Бұдан бөлек, 2026 жылдың сәуір айынан бастап секторалдық контрциклдік буфер енгізілді. Яғни банктер бөлшек несиелік портфельдің 2 пайызын резервке қоюға міндетті. Осылайша, Ұлттық Банк бөлшек несиелер нарығын тежеуді көздеп отыр. Ипотекалық несиелер де бөлшек несиелеу санатына жататындықтан, банктер қарыз алушыларды мұқият іріктеуге мәжбүр болады. Басқаша айтқанда, олар қай қарыз алушыға ипотекалық несие беру тиімді әрі қауіпсіз екенін таңдауға көбірек мән береді.
Бұның жағымды тұсы да бар. Сұраныс азайғандықтан тұрғын-үй бағасы арзандауы мүмкін. Себебі көпшіліктің ипотекасыз сатып алуға мүмкіндігі жоқ.
Авторы: Серік Селеубайұлы