Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына орай форум өтті
Алматы облысындағы Райымбек ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толады.
Осы мерейтойға орай Сарыбастау ауылында «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі» атты форум өтті. Аталған іс-шара барысында жергілікті шаруалар мен ғылыми зерттеу институттарының және «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының арасында бірқатар келісім-шартқа қол қойылды.
Түгін тартсаң май шығатын қасиетті Нарынқол өңірінде өткен ауыл шаруашылығы форумы «Диқан тері – дала ырысы» атты егіс алқабындағы ғалымдар кеңесінен басталды. Меймандар алдымен аудандастырылған өсімдіктер көрмесін аралап көрді.
Дастан Құдабаев, Райымбек ауданының әкімі:
- Осы аудан шаруаларын заманауи технологиялармен, одан бөлек ғылымға негізделген бастамалармен таныстыру негізгі мақсатымыз. Біз қазір «Алтын Дән» кооперативінің территориясында тұрмыз. Бүгінгі күнге жалпы 500 га жерге су қондырғысы орнатылды.
Дулат Құлмамыров, "Алтын дән 1" кооперативінің төрағасы:
- Мына жаңбырлатып суару жүйесіне беріліп жатқан 80 пайыздық субсидия бағдарламасымен, соның негізінде осы жаңбырлатып суару жүйесін алып келіп, осы 500 гектарды суармалы жүйеге айналдырдық. Қазіргі таңда тек қана қосылып бітті, картошкамызды ектік.
Жаңбырлатып суару технологиясын енгізу үшін жалпы құны 780 млн теңге инвестиция тартылды. «Алтын дән 1» ауыл шаруашылығы кооперативі картоптан алынған өнімді «Пепсико» компаниясына өткізеді.
Теміржан Айтбаев, қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ Басқарма төрағасы:
- «Тәуекел» шаруа қожалығы картоп тұқымын өндіруші шаруа қожалығы деген статус алды. Біздің институтпен келісімшартқа отырды. Сондықтан енді қазірше картоп тұқымын, көкөніс тұқымын шетелден тасымай, жергілікті сорттармен, жергілікті тұқымдармен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылып отыр.
Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған ауыл шаруашылығы форумы барысында жергілікті диқандар ғылыми-зерттеу институттарымен қоса жаңа техника мен технологиялар алу бойынша да келісім-шарт жасасты.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев