БҚО-да үш жылда 20 мәдениет үй салынды

Батыс Қазақстан облысында кейінгі үш жылда 20 жаңа мәдениет ошағы салынды. 

Нәтижесінде бірқатар ауылда түрлі мерекелік шараларды ұйымдастырып, тұрғындардың бос уақытын қызықты өткізуге жағдай жасалды. Сондай нысандардың бірі Круглозерное ауылында бой көтерді. Елді мекенде осыған дейін мәдениет ошағы мүлде болмаған.

Алты мың адам тұратын елдімекенде осыған дейін мәдениет ошағы болмаған. Мерекелік кештер мен салтанатты жиындар мектепте немесе ашық аспан астында өтетін. Әсіресе түрлі шараларды ұйымдастыратын шығармашылық ұжым өкілдері ерекше қуанышты. 

Зәмзагүл Хайрулина, «Қазына» вокалдық ансамблінің мүшесі:

- Енді өзіміздің мәдениет үйіміз бар. Соның жұмысына белсене атсалысып, өткізілетін шараларға қатысуға дайындаламыз. Өзіміздің баянистіміз де бар. Бәрі жақсы. Осы мәдениет үйін салған құрылысшыларға, архитекторларға және оған үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айтамын. Ең бастысы – еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

Мәдениет үйінің жалпы ауданы 1500 шаршы метр. 250 көрерменге арналған үлкен зал, спорттық және шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Кітапхана да осында орналасқан. 

Светлана Хомиченко, кітапханашы:

Бұрын әкімдіктің ғимаратында орналасқан едік. Қазір осы мәдениет үйіне көштік. Кең, жарық екі бөлмеміз бар. Жаңа кітаптарымыз да бар. Қазіргі таңда кітап қорында 20 мыңнан астам кітап бар. Оның ішінде 6 мың қазақ тіліндегі кітап және 2 мың балаларға арналған кітап бар. Круглоозерное мәдениет үйі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жоба. Ғимаратты инвестор салған, ал жергілікті атқарушы органдар оны ұзақ мерзімге жалға алып отыр. Осындай тәсілмен Зашаған кенті мен Деркөл ауылында екі нысан ел игілігіне берілді. Дегенмен аймақта әлі де жеке мәдениет ошағы жоқ ауылдар бар.

Қуанышбек Мұқанғалиев, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

- Әлі де апатты жағдайда тұрған клубтар бар. Бүгінгі таңда облыс бойынша 12 нысан осындай жағдайда деп танылып отыр. Биыл Тасқала ауданында бір аудандық мәдени-демалыс орталығын және Шыңғырлау ауданында бір ауылдық мәдениет орталығын жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» қоры арқылы клубтарды модернизациялау бойынша жұмыстар басталып кетті.

Жалпы соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында жаңадан 20 мәдениет үй салынды және 50 ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтті. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Қалыбек Акрап