Ұлттық рух пен дәстүр тоғысқан думан
Абай облысының Ақсуат ауданында дәстүрлі «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі өтті.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, спорт пен өнерді, білім мен руханиятты бір арнаға тоғыстырған айтулы шара бүгінде республикалық деңгейдегі беделді жобалардың біріне айналып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық спортшы мен өнерпаз түрлі сайыстарда бақ сынады. Үш күнге созылған мерекеге 25 мыңнан астам қонақ қатысты.
«Туған жерге туыңды тік» ұранымен өтетін фестивальдің басты мақсаты – туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайту және қоғамдық бірлікті күшейту. Фестивальдің жалпы бюджеті шамамен 200 миллион теңге. Оның ішінде жүлде қоры 100 миллион теңгеден асып отыр.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Биыл бұл фестивальдің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Олай дейтініміз "Асыл бесік - Ақсуат" фестивалі республикалық деңгейде өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шаралар тізбесіне енгізіліп кең көлемде аталып өтілуде. Бұл Ақсуат өңірінің тарихи-рухани әлеуетіне берілген үлкен баға деп айтамыз.
Фестиваль бағдарламасы ұлттық спорт пен рухани-танымдық бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан республикалық турнир, қазақ күресінен ASSYL ARLAN жарысы, ASSYL TULPAR республикалық бәйгесі, аударыспақ сайысы және «Артық білім – кітапта» облыстық зияткерлік байқауы өтті.
Дулат Тастекеев, меценат:
- Туған жерге туыңды тік. Яғни әрбір өңірде әрбір ауданда ауылда азаматтар өздерінің туған жеріне қайтып келіп, жерлестерінің рухын, жігерін көтеруге тырысса деген ниетпен бастау алып әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан арнайы жоба.
Назар Ілиясов, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Халыққа бұл үлкен мейрам, жастарға рухани жағынан мәдениет жағынан. Эстрада жұлдыздары келеді мәдениет жұлдыздары келеді.Көп батырларымыз келіп жатыр өнерлерін көрсетуге. Асыл бесік Ақсуат жылда жалғасады. Ұйымдастыру алқасына көп рақмет айтады халық. Туған жерге туыңды тік деген бастама бойынша жұмыс істеп жатыр.
2019 жылы «Тұғыры биік Тарбағатай» атауымен басталған жоба бүгінде «Асыл бесік – Ақсуат» фестиваліне айналып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды бастама ретінде танылып отыр. Ақсуат төріндегі бұл ауқымды мереке қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертпен түйінделді.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков