Балабақшаларды лицензиялау міндеттеледі
Елде балабақшалардың жұмысына қойылатын талап күшейтіледі. Енді 2027 жылдан бастап барлық мектепке дейінгі ұйымдар үшін лицензия алу міндетті болады.
Бұл қадам мекемелердің қауіпсіздік деңгейі мен білім сапасын қатаң бақылауға алуға бағытталған. Қазір 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы – мемлекеттік, 6,6 мыңы – жекеменшік балабақшалар. Бұл мекемелерде миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
Балабақша кезегі мәселесі оң шешімін тауып келеді. Оған елімізде енгізілген ваучерлік қаржыландыру жүйесі ықпал етуде. Бүгінде жоба республикамыздың 20 қаласы мен 23 ауданында пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Оған 6 мыңға жуық ұйым қатысып, 935 мыңнан астам ваучер берілді. Жаңа жүйе бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді. Әрі балабақша кезегін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 18 мыңға дейін азайған.
Лаура Әлеуханова, Астана қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы:
- Мәселен, қалада 700-ден астам білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде шамамен 100 балабақша бар дерлік. Мемлекеттік балабақшалардың жалпы сыйымдылығы 30 мың балаға есептелген. Алайда қалада 120 мыңнан астам бала бар. Соның тек 68 мыңы ғана балабақшамен қамтылды. Осыған байланысты ваучерлік қаржыландыру жүйесі маңызды тетік ретінде қарастырылуда. Бірінші кезекте әскери қызметтің, құқық қорғау органдарының балаларына, одан бөлек жетім балаларға, асыраушысынан айырылған балаларға, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, педагогтардың, медицина қызметкерлерінің балалары бастапқы алғашқы кезекте тұрады.
Соңғы үш жылда елімізде мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейді. Осы кезеңде 223 мың жаңа орын ашылып, мыңдаған отбасының сұранысы қамтылды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып келеді. 2027 жылдың соңына дейін қосымша 76,5 мың орын ашу жоспарланған. Десе де сарапшылар елде мемлекеттік балабақшалардың тапшылығы әлі де өзекті мәселе екенін алға тартады. Соның салдарынан мектепке дейінгі мекемеге орын алу үшін күту уақыты әлі де ұзақ болып отыр.
Тамара Орынбасар, сарапшы:
- Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 700-дей балабақшаның 100-і мемлекеттік, қалғаны жеке балабақша. Соның көбісі ваучер жүйесімен жұмыс істейді. Ваучер жүйесінің жақсы жағынан әсері тиіп жатыр. Соның бірі – ата-ананың балабақшаны өзі таңдау мүмкіндігі.
Мемлекет мектепке дейінгі ұйымдардағы білім беру сапасына ерекше көңіл бөлуде. Осыған байланысты 2027 жылдан бастап барлық балабақша үшін лицензия алу міндетті болады. Бұл талап ұйымдардың материалдық-техникалық базасын, қауіпсіздік деңгейін және білім беру сапасын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Авторы: Наргиз Бекмағанбетова