Шымкентте интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді
Енді жедел медициналық жәрдем қызметі үшін ақылды бағдаршамдар «жасыл дәліз» қалыптастырады.
Науқастар да медициналық бригаданың қай жерде келе жатқанын онлайн бақылай алады. Сәтін салса, пилоттық жобаны өзге өңірлерде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
Жедел жәрдем көліктерінің GPS-трекерлері интеллектуалды жүйеге қосылды. Бұл медициналық қызмет машиналарына «жасыл дәліз» ашып, шақырту орнына уақытылы жетуге мүмкіндік берді. «Осындай кезде адам өмірін арашалауда әрбір секунд маңызды», - дейді мамандар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қалада көлік көп, кейде кептеліс те болады. Сондайда жаңадан енгізілген цифрлық платформа жедел жәрдем көлігіне бағдаршамның жасыл түсін автоматты түрде жағып береді. Бұл ауыр халдегі науқастарды медициналық мекемеге жылдам әрі қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын онлайн бақылауға мүмкіндік бар. Шақырту тіркелгеннен кейін SMS-хабарламамен сілтеме жолданып, медициналық бригаданың қай жерде келе жатқаны көрсетіледі. Әзірге бұл қызмет бірінші санаттағы шақыртуларға қолжетімді.
Талғат Дәуренбай, жедел медициналық жәрдем станциясы бөлімінің аға фельдшері:
- Бұл халықпен өзара іс-қимылды жақсартады және жедел жәрдем қызметінің ашықтығын көрсетеді. Тағы айтатынымыз, Шымкент қаласында шақыртулар саны өте көп. Диспетчерлік қызметке түсетін қайталама жүктемелерді, қайталама қоңырауларды азайтады.
Интеллектуалды жүйе Шымкенттегі 350-ден астам бағдаршамға енгізілді. Енді көлік ағыны нақты уақыт режимінде бақылауға алынып, жолдағы кептеліс автоматты түрде реттеледі. Алдағы уақытта бұл ақылды жүйенің игілігін өрт сөндірушілер мен құтқарушылар да көреді.
Мұхит Кемелов, қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы:
- Ол жүйеге қосылу мүмкіндігі бар. Алайда оған қосу үшін басқа да жедел әрекет ету көліктерінің барлығы арнайы GPS-трекерлермен жабдықталуы қажет. Жалпы медицина саласында цифрландыруды одан әрі дамыту көзделіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, қазір жасанды интеллектке негізделген жобалар да жүзеге асырылып жатыр.
Қазір ауруханалар мен емханаларда жасанды интеллект ауру белгілерін ерте сатыда анықтап, дәрігерлерге нақты диагноз қоюға көмектесіп жатыр. Ал жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен жұмыс сапасы арнайы бейнежетондар арқылы бақыланады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов