Шымкентте жылан мен сарышаян қаптады: 100-ге жуық адам зардап шеккен

Фото: Видеодан скрин

Шымкентте жылан мен сарышаяндардың  көбеюіне байланысты құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті, деп хабарлайды «24KZ». 

Almaty.tv мәліметінше, соңғы екі айда қалалық құтқару қызметіне тұрғын үйлер маңында жыландардың пайда болуына қатысты 130-дан астам шақырту түскен.

Құтқарушылар шамамен 90 жыланды ұстап, қауіпсіз жерге шығарған. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы мұндай шақыртулар саны 200-ге жуық болған. Мамандардың айтуынша, жыландар азық іздеп шығады және көбіне жеке үйлердің ауласында, тұрғын үй алаптарында, саябақтар мен тоғайларда кездеседі.

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің бастығы Ербол Оспановтың сөзінше, жыландар көбіне тышқандар мен құстар көп жерлерде жүреді, өйткені олар солармен қоректенеді. Қала аумағында улы және усыз жыландардың көптеген түрі бар. Сондықтан жылан байқалған жағдайда оған жақындамай, құтқарушылардың келуін күткен жөн.

Қазіргі уақытта жылан шағу оқиғалары тіркелмеген.

Тағы бір қауіп – сарышаяндар. Биылдың өзінде сарышаян шаққан 80 адам зардап шеккен. Мамандар табиғат аясында демалғанда және серуендегенде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.