Қазақстан Еуропарламент назарында
Еуропалық парламент депутаттары Қазақстандағы саяси өзгерістерді және Еуроодақтың елімізбен стратегиялық серіктестігінің болашағын талқылады.
«Еуропа патриоттары» саяси тобы ұйымдастырған шара түрлі фракция өкілдерінің зор қызығушылығын тудырды.
Еуропарламентте үш бірдей саяси топтың депутаттары жиналды. Олардың қатарында Орталық Азия және Моңғолия елдерімен байланыс жөніндегі делегация өкілдері де бар. Талқылауға Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко қатысты. Пікірталастың бастамашысы – француз еуродепутаты Тьерри Мариани. Ол 2022 жылдан бері мемлекетіміздің терең әрі жүйелі өзгерістер кезеңінен өтіп келе жатқанын алға тартты. Жиналғандар еліміздегі билікті орталықсыздандыру және демократиялық есептілікті күшейтуге бағытталған конституциялық реформаларды да назардан тыс қалдырмады.
Тьерри Мариани, Еуропарламент депутаты:
- Қазақстан қалыптасу және экономикалық даму кезеңдерінен кейін демократиялық институттарды дамытуға көшті. Менің ойымша, бұл процесс дұрыс бағытта жүріп жатыр.
Депутаттар саяси эволюцияның келесі маңызды кезеңі – институционалдық қайта құрулардан кейінгі бір палаталы заң шығару жүйесіне көшу мәселесін де талқылады. Саясаткерлердің айтуынша, бұл бастама күрделі өңірлік жағдайға қарамастан мемлекеттік құрылымның кемелденіп келе жатқанын көрсетеді.
Виржини Жорон, Еуропарламенттің Орталық Азия бойынша делегациясының мүшесі:
- 2024 жылдың қарашасында Орталық Азиядағы делегация құрамында болдым. Қазақстанның түрлі институттарымен кездесіп, мемлекеттің қалай басқарылып отырғанын түсінуге тырыстым. Елдеріңізде жүргізіліп жатқан институционалдық өзгерістер Еуропарламенттің жіті назарында.
Кездесуде сауда, инвестиция, Орта дәліз және критикалық маңызды шикізат тақырыптары да әңгімеге тұздық болды. Еуродепутаттар Қазақстанның бұл тұрғыда кәрі құрлық үшін қажеттілігі артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Томаш Фрелих, Еуропарламент депутаты:
- Қазақстанмен байланысымызды нығайтуымыз керек. Себебі еліңіздің Еуропа үшін геостратегиялық маңызы зор. Еуроодақ айқындаған 34 критикалық маңызды шикізаттың 21-і Қазақстанда бар. Бұл өте маңызды көрсеткіш.
Қазақстан Еуроодақтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып қала бермек. Біздің ел өңірде бірінші болып ұйыммен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат сауда, көлік, энергетика, климат, заң үстемдігі және маңызды шикізат сияқты 29 бағытты қамтиды.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы