Құтқарушылар Талғар өзеніндегі аралшықта қалған әйел мен үш баланы эвакуациялады

Бүгін 112 пультіне Алматы облысы Талғар қаласындағы Талғар өзенінде әйел адам үш баласымен бірге қалып қойғаны және өздігінен жағаға шыға алмағаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды 24KZ ТЖМ-нің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.

Оқиға орнына келген құтқарушылар карабин мен өрт сөндіру белдігі арқылы құтқару арқанын бекітіп, өзен арқылы қауіпсіз өткел ұйымдастырды. 13 минут ішінде әйел мен оның үш баласы жағаға аман-есен эвакуацияланды. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ. 

ТЖМ азаматтарды су айдындарының маңында қауіпсіздік шараларын сақтауға және ағысы қатты өзендердің жанында өздерін және балаларын қауіп-қатерге ұшыратпауға шақырады.