Солтүстікке Шымкенттен 114 отбасы көшіп барды
Биыл Шымкенттен теріскейге 114 отбасы көшіп барды.
Олар Павлодар, Қостанай, Ұлытау, Қарағанды мен Абай облыстарында қоныстанды. Баспанамен қамтылып, жұмысқа орналасып жатыр. Еңбек жәрмеңкесінен кейін тағы 400 адам көшуге өтініш берген.
Қоныс аударушылардың бірі тұрақты жұмыс іздесе, екіншісі балаларының болашағы үшін тәуекел етпек. Мысалы, көп балалы ана Айнұр Елемесова отбасымен бірге орталық аймаққа көшуді ойлайды. Себебі қызы Қарағандының жоғарғы оқу орнын таңдаған.
Айнұр Елемесова, қала тұрғыны:
- Маған ұнап тұрғаны үшін сол жақты таңдадым. Себебі қызым да Қарағандыға оқуын таңдады. Құжаттарымыздың бәрі дайын болса, комиссиядан өтетін болсақ көшеміз.
Қоныс аударушылардың жаңа ортаға бейімделіп, тез үйренуі үшін жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Бағдарлама аясында баспана мен жәрдемақы ғана емес, өз ісін дөңгелеткісі келетін кәсіпкерлерге де жағдай жасалады. Мамандардың айтуынша, үміткерлер алдымен баратын өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, таңдау жасай алады.
Нұрсұлу Есқараева, қалалық еңбек мобильдігі орталығының бөлім басшысы:
- Азаматтардың солтүстікке ниеті ол жақтағы тұрғын үй мен жұмыстың шешілуі ғой. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау ретінде қосымша жәрдем көрсетіледі. Барады, танысады, көреді. Егер ұнатып жатса, қоныс аударуға шешім шығатын болады.
Еңбек мобильдігі орталығында бос жұмыс орындарының базасы тұрақты түрде жаңартылып отырады. Қазір солтүстік және орталық-шығыс өңірлерде әлеуметтік сала мен ауыл шаруашылығы секторында маман тапшылығы бар. Сондықтан дипломы бар жастар мен тәжірибелі еңбек адамдарына сұраныс жоғары.
Жақсылық Рыстанбек, қалалық еңбек мобильдігі орталығының бас маманы:
- Қазіргі таңда Үкімет айқындаған өңірлерге медицина, білім саласы және инженер жетіспейді. Сұраныс артты десек те болады. Елді мекендерге барады. Егін шаруашылығы, мал шаруашылығы дейді ғой.
Жалпы еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін тағы 534 адамға квота беріледі. Қазірдің өзінде үміткерлердің басым бөлігі құжаттарын тапсырып қойған. Мамандар бұл үрдіс аймақтардағы кадр мәселесін реттеп, ішкі көші-қон саясатын жүзеге асыруға септігін тигізетінін айтады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов