Шымкентте жаңа әдіспен операция жасалды
Шымкентте алғаш рет ұйқы безінің қатерлі ісігіне лапароскопиялық әдіспен операция жасалды.
Қалалық онкологиялық орталықтың дәрігерлері асқазан тасасындағы ісікті үлкен тіліксіз, шағын тесіктер арқылы алып тастады. Күрделі хирургиялық ем Ұлттық ғылыми медицина орталығы хирургтерінің жетекшілігімен өтті. Арнайы ұйымдастырылған шеберлік сағаты аясында жоғары технологиялық операциялардың барлығы сәтті аяқталды. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай әдістен кейін науқастардың оңалу кезеңі әлдеқайда жылдам жүреді. Бұған дейін күрделі хирургия тек Астана мен Алматы қалаларында жүргізіліп келсе, енді жергілікті деңгейде дамыту жоспарланып отыр. Айта кетейік, орталықта жылына 2 мыңнан астам операция жасалады.
Талғат Құрманов, қалалық Көпбейінді онкологиялық орталығының бас дәрігері:
- Соңғы уақытта малоинвазивтік хирургияны енгізіп жатырмыз. 2 күрделі ота болды. Ол қатерлі ісік асқазанға және ұйқы безінің қатерлі ісігіне жасалды. Осы оталарды енді өзіміз жасай береміз деп үміттенеміз. Медициналық құрылғылар жеткілікті.