ТЖМ: Шомылу маусымы басталғалы 29 адам суға кеткен
Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы 29 адам суға кетіп қаза тапты. Олардың 16-сы – балалар. Бұл туралы Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Дидар Қажкенұлы айтты, деп хабарлайды «24KZ».
ТЖМ мәліметінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда болған.
Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың көбеюіне адамдардың қауіп-қатерді бағаламауы мен қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болып отыр.
Дидар Қажкенұлы, осыған байланысты ТЖМ алдын алу жұмыстарын күшейтіп, мыңдаған баланы жүзуге үйретіп, халыққа қауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
«Осы уақыт ішінде 7,5 мың бала жүзіп үйренді, бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Құтқарушылар 95 мыңға жуық нұсқаулық парақшалар мен жадынамалар таратты, сондай-ақ су айдындарына 786 қауіпсіздік белгісі орнатылды», – деді ол.
Қауіпсіздікті күшейту үшін құтқарушылар мен полиция 24 мыңнан астам рейд жүргізіп, ережені бұзған 592 адам жауапкершілікке тартылды.
Мамандар тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
Елімізде шомылу маусымы ресми түрде 2026 жылдың 1 маусымында басталды.