Алматылық кәсіпкер Қ. Тоқаевқа алғыс айтты
Алматылық кәсіпкер мемлекет басшысының бизнес иелеріне көрсетіп жатқан қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Ерсен Дүйсенбаев игі бастамалардың арқасында адал табыс тауып, кәсібім өрге басып келеді дейді. 10 жылдан бері мемлекеттік сатып алу ісімен айналысып жүрген азамат бүгінде республика аумағындағы маңызды жобалардың басы-қасында жүр.
Мемлекеттік сатып алу ісіндегі жолын Ерсен Дүйсенбаев 10 жыл бұрын бастаған. Еңбек өтілі қарапайым қызметкерден бастау алған азамат бүгінде өзі жеке кәсіпкер ретінде қалыптасқан. Айтуынша, мемлекет тарапынан бизнес иелеріне көрсетіліп жатқан қолдау маңызды. Өзі былтыр Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевқа да берілген зор мүмкіндіктер үшін алғысын айтып, хат жолдаған.
Ерсен Дүйсенбаев, кәсіпкер:
- Президентімізге алғыс айтқым келіп отыр. Себебі 2025 жылғы дәл Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі реформа маған үлкен жеңістер ашты. Қазір мысалы, жүз миллиондық тендерлардамын. Міне, әңгімемді осыдан бастағым келеді. Бұл жерде мен мемлекеттің дәл кәсіпкерлерге арналған жүйесін инструмент ретінде еркін қолданамын. Және халыққа да соған кеңес беремін.
Саланың сан қырын жетік меңгерген ол қазір республиканың түкпір түкпірінде өңірлерде салынып жатқан нысандардың басы қасында жүр. Мәселен, Ақтаудағы педагогикалық колледж, Талдықорғандағы филормонияда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Алматыда да бірқатар әлеуметтік ғимараттың бой көтеруіне септігін тигізген.
Ерсен Дүйсенбаев, кәсіпкер:
- Біз қазір бір ғана қалада емес, бір ғана аумақта емес, Қазақстанның кез келген жағында жұмыс жасап жүрміз. Батыс, Шығыс, Орталық Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Алматы облысы кез келген қалада кәдімгідей жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жақтың өзінің уақыттары бар, қазіргі тілмен айтқанда, дедлайн уақыттары, сол уақыттарда есеп беріп отырсаң болды. Жұмысыңды көрсетіп, салықты төлеп, рұқсат қағаздарды уақытымен алып отырсаңыз, кәсібіңіз жүре береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі кәсіпкерлерді қолдап, іс бастаймын деген азаматтарды ынталандыру мәселесін жиі қозғайды. Шектен тыс тексерулерді азайтып, жауаптыларға ел экономикасын арттыруға үлес қосып жүргендерге жайлы жағдай жасау маңызды екенін жиі айтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Елімізде азаматтардың бизнеспен жаппай айналысуына мән беріліп, оған барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ мұндай шара бүгінгі таңда аздық етеді. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісінде ең алдымен сапаға айрықша көңіл бөлуі керек.
Ерсен Дүйсенбаевтың сөзінше цифрлық әлеуеттің артуы да ел кәсіпкерлері үшін өте маңызды. Түрлі мәселе мен келеңсіз оқиғалар заң аясында нормативтерге сәйкес онлайн шешіліп жүр дегенді алға тартып отыр.
Авторы: Әлішер Әли