Шымкентте төрт зауыт іске қосылды
Инвестициялық жобалардың құны 13 миллиард теңгеден асады. Жаңа кәсіпорындардың ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа зауыттың бірі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ашылды. Кәсіпорында қағаз қалдықтары қайта өңделіп, жылына 10 мың тонна картон қаптама шығарылады. Жобаға 2 жарым миллиард теңге инвестиция тартылып, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жарас Ертаев, кәсіпорын құрылтайшысы:
- Барлық жерде шашылып жатқан қағаз отходтар. Неге осыны қайтадан өңдеуге жіберіп, қаламыз таза болсын деген мақсатта бастадық. Қағазды құр өзін сатпастан коробка шығарып жатырмыз. Негізі сататын жерлеріміз: Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан енді Ауғанстанға да шығарамыз.
Ал «Жұлдыз» индустриялық аймағында шағын және орта бизнеске арналған жаңа өнеркәсіп алаңы іске қосылды. Мұнда кәсіпкерлерге дайын ғимараттар ұсынылып, толық технологиялық тізбекті қалыптастыруға жағдай жасалған.
Мұхаммедәлі Аййылдыз, инженер-технолог:
- Станоктарымызбен шығарып жатқан заттарымыз 300-400 тонна аз емес. Сырттан зат алудың қажеті жоқ именно біз шығаратын заттар үшін. Вторичка зат қолданбаймыз, сапа сол үшін жақсы. Дүние жүзінде алып жатқан шикізатымыз бірінші санатта тұрады.
Бұдан кейін қала әкімі ескі аккумуляторларды кәдеге жарату зауытын іске қосуға қатысты. Жаңа кәсіпорын қауіпті қалдықтардың экологияға залалын азайтып, шикізатты өндіріске қайта бағыттайды. Мамандардың айтуынша, жобақайта өңдеу саласын дамытуға серпін береді.
Ермек Тұрманов, қалалық Кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы:
- Өндіріс өнімі жыл санап артып келеді. Жаңа қосылып жатқан жобалардың әрқайсысының өз салалары бойынша үлесі бар. Шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 60 пайызға жақындады. Яғни 57,60 пайыз бұл үлкен көрсеткіш.
Жаңа кәсіпорындар қаладағы өндірістік инфрақұрылымды кеңейтіп, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қалада жыл соңына дейін жалпы құны 66 миллиард теңге болатын тағы 28 жоба іске қосу жоспарланған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов