Ақмола облысында 20 мың оқушы жазғы лагерьде демалады

Ақмола облысында биыл 20 мың оқушы жазғы лагерьлерде демалады.

1700 балаға тегін жолдама беріледі. Одан бөлек мектеп жанында демалыс алаңдары жұмыс істейді. Көп балалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балалары бірінші кезекте қамтылады. Табиғаты тамаша өңірге еліміздің әр облысынан да оқушылар келіп жатыр. Әсіресе Бурабайдың айналасындағы лагерьлерге сұраныс жоғары.

Бурабайдағы мына сауықтыру орталығы осы маусымда үш мыңға жуық бала қабылдайды. Қазір алғашқы легі келіп, 400 бала демалып жатыр. Дені өзге өңірден. Айдар Жеңіс Ұлытау облысынан келіпті. Ол жыл сайын жазғы демалысын лагерьде өткізеді. Жылда Бурабайдағы сауықтыру кешенін таңдайды.

Айдар Жеңіс, оқушы:

- Маған Бурабай өңірі өте қатты ұнайды. Мен бұрын да ата-анаммен осы Бурабай өңіріне келгем. Және тағы келем деп армандап кеткем. Арманым орындалып жүр.

Демалыс кешенінде ойын-сауықтан бөлек балалардың ойлау қабілетін дамытатын түрлі ойын мен табиғат аясына саяхат ұйымдастырылады. Бос уақытын тиімді өткізу үшін үйірмелер де ашылған.

Айжан Жанасова, оқушы:

- Көптеген үйірмелер бар. Кімге қай жақ ұнайды, соған барады. Спорт, информатика, қолдан жасалған бұйымдар. Өздеріне қай жақ ыңғайлы сол жағына барады. Ол өте еркін. Барлығымен тіл табысып бірге жұмыс жасаймыз.

Демалыс орыны тек жазғы уақытта ғана емес, жыл бойы қызмет көрсетеді. Сондықтан мұндағы мамандар балалармен жұмыс істеуге әбден машықтанып алған. Тіпті кішкентай демалушылар келмес бұрын әрқайсысы жайлы ақпарат алып алады. Кейін сол бойынша бағдарламаларын құрып, жіті дайындалады.

Дамир Сұрағанов, оқу-сауықтыру орталығы бас директорының орынбасары:

- Біз міндетті түрде балалар келмес бұрын олардың әрқайсынан ата-аналарынан анкета аламыз. Сол анкета негізінде әр баланың қызығушылығын, әр баланың тамақтану режимін, әр баланың денсаулық жағдайына баса назар аударамыз. Яғни 400-ден астам баланың әрқайсысына жеке-жеке жағдай жасалды. Сонымен қатар сол анкетада неге қызығады деген сұраққа жауап аламыз және соған байланысты бірнеше топтарға бөлеміз.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 1700 балаға тегін жолдама беріледі. Бұл мақсатта облыс қазынасынан 121 млн теңге бөлінді. Ал қалған балалар ақылы негізде демалады.

Әділет Сембі, облыстық білім басқармасының өкілі:

- Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ биылғы бағалар сол қалыпты қалған. Өзгеріс жоқ. Бүгінгі күні оннан астам лагерь де санитарлы-эпидемиологиялық қорытынды алынған. Жоспарымыз бойынша 20 мың бала қамтылуы жоспарлануда.

Жалпы қазір өңірде 16 балалар лагері бар. Бірақ әзірге 12-сі ғана жұмысын бастады. Қалған демалыс нысандары санитарлық қорытындыны күтіп отыр. Бұдан бөлек мектептердің жанынан 500-ге жуық лагерь ашылған. Онда да оқушыларға танымдық шаралар мен ойын-сауық ұйымдастырылады.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко