Поэзияға құмар полицей
Ұлытаулық тәртіп сақшысы Махамбеттің жырларын жатқа оқиды.
Ол облыстық полиция департаментінің аға инспекторы Сезім Қасымова. Сезім өршіл ақынның рухты жырларынан бөлек Абайдың, Мұқағали мен Фаризаның өлеңдерін де сүйіп оқиды. Қоғам қауіпсіздігі жолында қызметте жүрсе де қолы қалт етсе кітапханаға жүгіреді.
Сезім «Поэзияға деген қызығушылығым бастауыш сыныптан басталды» дейді. Мектепте жүргенде әдебиет бағытында республикалық байқауларда сан мәрте жүлде салған. Бірақ жүрек қалауымен полицияны таңдады. Дегенмен, бала жастан бойға сіңген өнерден әлі де қол үзбей келеді.
Сезім Қасымова, облыстық ПД ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы:
- Жалпы Махамбет жырларын оқу тек қана өткен тарихты білу ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухты сезіну деп ойлаймын. Ақынның өлеңдерінде халықтың мұны, азаттыққа деген ұмтылыс және батырлық рухы айқын суреттеледі. Ол кісінің өлеңдері отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Сезімнің полициядағы қызметі шығармашылыққа жақын. Ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы ретінде күнделікті журналистермен жұмыс жасап, полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып жүр. Жұмыс арасында әріптестерін сергітіп алу мақсатында Махамбеттің рухты жырларын оқып береді. Негізгі міндетін мүлтіксіз атқаратын лейтенанттың поэзияға деген ықыласын әріптестері де ерекше бағалайды.
Ерғали Қожабеков, облыстық ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы:
- Өр ақындардың, өршіл ақындардың оның ішінде Махамбеттің жырларын жатқа біледі. Мысалы, полиция қызметінде қазіргі күнде жетпей жатқан рухани ұстамдылықтың орнын толтырып жүрген қызметкерлердің бірі деп есептеймін. Біз Сезім Бейбітқызын жұмыстан бос уақытта немесе қандай да бір шараларда өлеңдерін оқытып тыңдауға тырысамыз. Сол өлең бәрімізді шабыттандырады.
Сезім Махамбеттен бөлек Абайдың, Мұқағали мен Фаризаның 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі. Қоғам тыныштығы жолында қызметте жүрсе де қолы қалт еткенде поэзия оқиды. Осылайша өзге әріптестерге қызмет пен шығармашылықты үйлестуріге болатынын көрсеткім келеді дейді.
Сезім Қасымова, облыстық ПД ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы:
- Өлеңдері отансүйгіштікке тәрбиелейтін болғандықтан көптеген қызметкер жатқа біледі деп ойлаймын. Білуі тиіс деп санаймын. Өзім осы баспасөз қызметінде істегеннен кейін өлеңдерді қайталап, бос кезімде кітапханаға барып кітап оқып, жалпы өлеңді сүйіп оқығаннан кейін әрдайым санада қалады деп ойлаймын.
Сезім жұмыстан бос уақытта бірден кітапханаға барады. Бұл жер оның екінші жұмысына айналғандай. Себебі өнерпаз полицей айына кемінде бір кітап оқуды мақсат еткен.
Елдос Какенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшаһира Серекбаева